Президент халыққа Жолдауында ел дамуының басым бағыттары ретінде салық, жолдарды жөндеу, туризм, медицина салаларын ерекше атады.
Салық бойынша енді мәжбүрлеу шарасы азаяды. «Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн» деді. Бұрын азын-аулақ салық төлеуді ұмытып кетіп немесе болмашы тиын-тебен салық үшін бұғаттап тастайтын еді. Енді олай жасамайтын болды. Субсидия бойынша арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтапты. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Қысқасы, осындай заңсыздық жасағандарды жазалау күшеймек. Жер телімдерін бәленбай гектар етіп алып, пайдаланбай жатуға қатысты да тексеріс артатыны айтылды. Субсидия саласын расымен мұқият тексеру керек. Біреулерде мал бар, бірақ субсидия ала алмайды. Ал енді біреулер құжат жүзінде мал тіркетіп, шынайы шаруаларды субсидиядан қағып келеді. 5 млн.-ға жуық мал тек қана құжатта ғана бар болып шықты.
Жолдарды жөндеу бойынша «Астана-Алматы», «Ақтөбе-Атырау-Астрахан», «Талдықорған-Өскемен» бағытындағы күрежолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалғанын айтты. Бұрын 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды салу және жөндеу тапсырылған, енді оны 4 есе арттырып, 10 мың шақырымға жеткізу тапсырылды.
Туризм бойынша Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылғанын айтты. Енді Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін арттыру үшін сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салуды тапсырды. Алакөлдің Үшарал жағы қандай екенін білмедім, бірақ Үржар жағы дамып жатыр. Үржардың әуежайы жаңартылып, ұшу жолағы кеңейтілді.
– Медицинаға бөлінген 3,3 триллион теңгенің нәтижесі көрініп жатқан жоқ,- деді Президент. Мемлекет басшысы мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасауды тапсырды. – Елімізде білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет,- деді Президент. Еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, үш жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуға тапсырыс берді.
Мұрат БЕКТЕНОВ,
ауданның Құрметті азаматы