Аудандық «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы жөнінде түсінік жұмыстары өтті. Жиынға орталық қызметкерлері мен зейнеткерлер қатысты.
Президентіміз инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды екенін алға тарта отырып:
-Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды,-деген болатын.
Жиналғандар осы мәселені талқылау барысында өздерінің ой-пікірін ортаға салып, Жолдаудың барша қазақстандықтың назарын аударғанын растады.
Жиынды жүргізуші Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы Қарлығаш Айдарбекқызы ауыл шаруашылық мәселесі бойынша:
-Қазір ауданымызда агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен ауыл шаруашылығына қызығушылық танытып, оны ары қарай кәсіпке айналдырып отырған азаматтардың қарасы көп. Оның бірі өз ауылына жанашырлық танытып, ауыл тұрғындарының жазғы өніммен қамтамасыз етілуіне көңіл бөлген Аманкелді Қарасаев. Ауыл тұрғындарын еңбекке баулып, тамшылатып суару тәсілі арқылы егістік салуға болатынын дәлелдеген ол қала тұрғындарына үлгі болғаны сөзсіз. Осындай азаматарымызға қарап-ақ Мемлекет басшысының кәсіпкерлерге көңіл бөліп отырғанын білеміз,-дейді ол.
Жиын соңында зейнеткерлер аудандағы ауыл шаруашылығы мәселесі бойынша салмақты ойлар мен бірқатар ұсыныстар айтып, келер жылдың жоспарын талқылады. Осындай жиындарға қарап, үлкендеріміздің қоғаммен байланысына риза болып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының маңызды екенін біле аламыз.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ