Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – әрбір мемлекет үшін маңызды міндет. Өйткені жемқорлық – қазір қоғамды алаңдатқан басты мәселелердің бірі. Ол демократияның негіздерін, азаматтардың мемлекетке деген сенімін бұзып қана қоймай, ел экономикасына теріс әсер етеді.
Жалпы, жемқорлықты жою – еліміздің фундаментальды құндылығы – тәуелсіздігімізді нығайтатын негізгі шарттардың бірі. Сондықтан, азаматтық қоғамның барлық секторларымен, барлық мемлекеттік органдарымен, бизнес өкілдерімен ынтымастастықта ғана осы мәселені шешіп, Қазақстанның гүлденуіне жағдай жасай аламыз.
Негізінде сыбайлас жемқорлық бір күнде жойылатын қылмыс емес. Ол еліміздің әр азаматы жұмыла күрескен сәтте ғана нәтижелі болатыны айқын. Мемлекеттің дамуына «бармақ басты, көз қыстылықтың» тигізер кесірін бұрыңғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп айтып кеткен.
Қуантарлығы, елімізде жемқорлықпен күресте нақты қадамдар қолға алынып келеді. Оған дәлел барлық деңгейдегі депутаттардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық-мәдени орталықтардың, бизнес қауымдастығының, жастар ұйымдарының, ғылыми орта мен БАҚ-тың қатысуымен қоғамдық кеңестер құрылған. Аталған шаралар жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға септігін тигізері анық.
Десек те, жемқорлықпен күрес әлі өзекті. Осы орайда, қоғамымыздың дамуы үшін аталған мәселемен күресте барлық Қазақстан Республикасының азаматтарының үлес қосуы тиіс.
Сонда ғана өзара сенім, жауапкеркершілік пен серіктестік негізінде мемлекет, қоғам және бизнес өкілдерінің бірігуі, қоғамдағы жемқорлыққа қарсы пікір мен құқықтық сананы қалыптастыру – еліміздегі жемқорлық деген әлеуметтік мәселені жоя алады.
Бірлескен күш-жігермен ғана біз өз қоғамымызды таза әрі саналы болуына, елдің жан-жақты дамуы мен өркендеуіне ықпал ете аламыз.
Ж. Утешов,
аудандық Қазынашылық басқармасының басшысы