Табиғат-тіршілік көзі. Оның әрбір әсері адам өмірінде үлкен роль атқарады. Аяулы табиғатсыз осы ғаламда өмір сүру, тіршілік ету мүмкін емес.
Жыл мезгілдерінің өзгеруі де, табиғатты одан әрі әсерлейді. Киелі табиғат астамшылықты көтермейді.«Ертеңгі ұрпаққа не қалдырамыз?» деген сауалдың жауабы Жер атты құтты мекенімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, қастерлеуге келіп тірелетіні анық. Адамзаттың өмір атты ауыр жүгін аманаттай арқалап, жалғыз серігі айды айналған жер атты ғажайып ғарыш кемесінің ғұмыры ұзақ болуы да бізге, адамдарға байланысты екенін қай-қайсымыздың есте ұстағанымыз абзал.
Адам табиғатқа мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарап, үйлесімділік сақтағанда, адамзат баласы үшін табиғат – кең сарай, мәңгі тозбас құтты қоныс болады. Жер бетіндегі барлық тіршілік атаулы табиғат-анаға қарыздар. Сондықтан да табиғатқа қарау, онымен санаспау – ана сүтін ақтамағанмен пара-пар. Адам баласы табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге, ең ұлы қамқоршысында екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.
Қанатқали КӘРІМОВ,
Тайсойған ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы