Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күні қарсаңында еліміздің ғалымдарына ерекше құрмет көрсетіп, жоғары мемлекеттік наградалар тапсырды. Отандық ғылымды дамытуға зор үлес қосқан 4 ғалым «Парасат», 15 адам «Құрмет» орденіне, 6 маман «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болса, 2 ғалымға «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы табыс етілді.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Владимир Яшков «Парасат» орденімен марапатталып, ғалымдық және педагогикалық қызметіндегі аса маңызды жетістіктері үшін мемлекет тарапынан жоғары бағаланды.
Владимир Яшков – Атырау өңірінде ғана емес, Қазақстанға ғалым, ұстаз әрі тәлімгер ретінде танылған тұлға. Техника ғылымдарының кандидаты ретінде жас ғалымдар мен студенттерге бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибесін бөлісіп келеді.
«Парасат» ордені - Владимир Александровичтың көп жылғы қажырлы еңбегінің, ғылымға қосқан үлесінің жемісі. Ғалымды жоғары марапатымен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер тілейміз.