Атырау облысына ресми сапар аясында Қазақстандағы Германия елшісінің тұрақты орынбасары Ульрих Кинне бастаған бизнес-делегация Атырау мұнай өңдеу зауытына келді.
Сапардың негізгі мақсаты – қазақстандық және неміс мұнай-газ компаниялары арасындағы байланысты нығайтып, жаңа іскерлік қарым-қатынас орнату.
Кездесу барысында АМӨЗ мамандары қонақтарға кәсіпорынның тарихы, еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуындағы үлесі туралы айтты. Жүзеге асырылып жатқан экологиялық бастамалар мен тиімділікті арттыруға бағытталған жобалар туралы ақпарат берді. Мұнай өңдеушілер өндіріске енгізілген неміс жабдықтарының жоғары сапасы мен сенімділігін ерекше атап өтті.
Өндіріс алаңдарын аралау кезінде қонақтар мұнайды өңдеу процесімен, технологиялық қондырғылардың жұмыс істеу ерекшеліктерімен, сондай-ақ зауытта қолданылатын инновациялық технологиялармен танысты.
Ульрих Кинне Қазақстан мен Германияның іскер топтарының арасындағы диалогты дамытудың маңыздылығына тоқталып, мұнай-газ саласындағы серіктестіктіктің одан әрі нығаятындығына сенім білдірді. «Неміс компанияларының өкілдері қазақстандық әріптестерімен табысты жұмыс істеп жатыр. Екіжақты байланысты беки түсетін бірегей жобалар баршылық. Бұл болашақта екі елдің арасындағы әріптестікті нығайтып, экономикаға серпін береді. Қолға алынған бастамалардың бұдан да тығыз ынтымақтастыққа жол ашатынына кәміл сенімдімін. Атырау мұнай өңдеу зауытын 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын және жұмысына сәттілік тілеймін», - деді ол.
Шетелдік компаниялармен серіктестік қарым-қатынас — АМӨЗ үшін өндірістік процестерді жетілдірудің маңызды құралы. Компания ортақ мақсаттарға жету жолында диалогқа ашық әрі ынтымақтастыққа дайын.