Атырауда жол полициясы қызметкерлеріне арналған кітаптың тұсаукесері өтті

Атырауда жол полициясы қызметкерлеріне арналған кітаптың тұсаукесері өтті
(0 Votes)

Атырау облысы Полиция департаментінде «Атыраудың жол сақшылары» атты тарихи-мемориалдық кітаптың салтанатты тұсаукесері өтті. Авторы – Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Құрметті ардагері, «ІІМ-нің жол полициясының Құрметті қызметкері» белгісінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы – Дүйсенбек Тастанбайұлы Ғайсын, деп хабарлайды AtyrauPress.

Шараға департамент басшылығы, патрульдік полиция қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері мен шақырылған қонақтар қатысты.

Жиынды ашқан Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әбдіғани Сейдуәлиев кітаптың маңыздылығын ерекше атап өтті:

– Бұл кітап – жай ғана тарихи басылым емес, бұл – бірнеше буынның еңбегі мен адалдығын бейнелеген жол сақшылары қызметінің тірі шежіресі. Дүйсенбек Тастанбайұлы Ғайсынның еңбегі – тек жеке жетістік емес, сонымен бірге жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне үлес қосқан бүкіл ұжымға деген құрмет. Мұндай кітаптар уақыт байланысын сақтап, тамырымызды ұмыттырмай, болашаққа қызмет етуге шабыт береді, – деді ол.

Салтанатты рәсім барысында департамент бастығының орынбасары мен ішкі істер органдарының ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі Салық Бекқаиров символикалық лентаны қиып, өңірдегі жол қызметі тарихының жаңа бетін ашты.

Кітаптың алғашқы беттерінде автордың арнау сөзімен қатар «Атыраудың жол сақшылары» атты марш-әннің мәтіні мен ноталары жарияланғаны ерекше қызығушылық тудырды. Презентация барысында бұл әнге түсірілген бейнеролик көрсетіліп, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Әннің сөзін автордың өзі – Дүйсенбек Ғайсын жазса, әуенін белгілі композитор Еркін Нұрымбетов жазған.

Кездесу кезінде ардагерлер жол қызметінің қалыптасу кезеңдері туралы естеліктерімен бөлісіп, жол қауіпсіздігіне өмірін арнаған жандар жайлы баяндады.

Кітап авторы өзінің еңбегінің бір данасын қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан патрульдік полиция қызметкері Шалқар Ағымғалиевтің анасы – Ляззат Мәденқызына табыстап, алғыс пен терең құрметін білдірді.

Шара соңында Дүйсенбек Тастанбайұлы Ғайсынға департамент басшылығы атынан алғыс хат табысталып, қазақтың дәстүріне сай иығына құрметті шапан жабылды.

– Сіздің еңбегіңіз – жас ұрпаққа үлгі, қызметтің тарихы мен рухани құндылықтарын сақтауға қосқан баға жетпес үлес. «Атыраудың жол сақшылары» кітабы – кәсіби мақтаныштың символына айналып, жол полициясы қызметкерлерінің ерлігі мен жанқиярлығын ұлықтайтын туынды болады, – деді өз сөзінде полиция полковнигі Әбдіғани Сейдуәлиев.

Салтанатты кездесу жылы лебіздермен, естелік фотосуреттермен және авторға айтылған шын жүректен шыққан сәттілік тілектермен аяқталды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT