Атырау облысында су спорты, әсіресе, байдарка мен каноэ есу қарқынды дамып келеді. Бүгінде бұл спорт түрімен 70-ке жуық адам тұрақты түрде шұғылданады. Жыл сайын қызығушылық танытушылардың қатары көбейіп, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жазылушылардың саны артып отыр. Бұл — өңірдегі спорт инфрақұрылымы мен білікті бапкерлердің жүйелі еңбегінің нәтижесі, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Есу тек дене жаттығуы емес, жан мен тәннің үйлесім табатын ерекше спорт түрі. Ол адам бойында төзімділік, күш-қуат, тәртіп пен мінезді қалыптастырады. Осы бағытта өңірде жемісті еңбек етіп жүрген жаттықтырушы Сабиля Баялы бұл спортпен 7 жыл бойы айналысып келеді. Соңғы 2 жылда ол жастарды жаттықтырып, бапкерлік қызмет атқарып жүр.
– Су спортында жүргеніме 7 жыл болса, соның 2 жылын бапкерлікке арнадым. Өзім Атырау облысының бірнеше дүркін чемпионымын, Қазақстан чемпионатында төртінші орын алдым. 2021 жылы республикалық федерация кубогында екі күміс пен бір қола жүлдені иелендім. Ең бастысы – шәкірттерімнің жетістігі. Олар Қазақстан чемпионаттарында жүлдегер атанып, Азия біріншілігінде де жоғары нәтиже көрсетті. Бұл спорт балаларды тәртіпке, төзімділікке және мақсатқа жетуге үйретеді. Сол үшін де өз ісімді мақтан тұтамын, – дейді Сабиля Баялы.
Бапкерлердің айтуынша, әдетте су спортына балаларды 10–11 жастан бастап қабылдайды. Себебі бұл жаста олардың үйлестіру қабілеті мен физикалық қуаты қажетті деңгейде дамиды. Ең бастысы – баланың қызығушылығын оята білу. Суға, қозғалысқа деген ынтаны арттыру — табысқа бастар алғашқы қадам.
Спортшылардың өзі де бұл ерекше спорт түріне ынтамен қарайтынын айтады.
– Мен бұл спортпен 13 жасымнан бері айналысамын. Ашық аспан астында жаттығу тәнді ғана емес, жанды да тынықтырады. Психологиялық тұрғыдан демаласың, сонымен қатар шыдамдылық пен күш-жігер қалыптасады. Соңғы екі жылда бірнеше мәрте Қазақстан чемпионатында жүлделі орындарға ие болдым, – дейді спортшы Ульяна Денисова.
Қатысушылардың айтуынша, Атырау өңірінің табиғи жағдайы – Жайық өзені мен жылы климат бұл спорт түрін дамытуға өте қолайлы. Жылдың көп бөлігінде ашық суда жаттығу жасау мүмкіндігі бар. Қазір жаттығуға арналған құрал-жабдықтар, байдаркалар мен спорт залдары да жеткілікті. Жергілікті билік пен спорт мекемелері су спортын одан әрі дамытуға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.