Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция подполковнигі Марьяна Джангалиева облыстық наркологиялық диспансерде Атырау индустриалды колледжінің студенттерімен кездесу өткізді. Іс-шара 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні аясында ұйымдастырылып, жастар арасында есірткіге қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында өтті.
Кездесу барысында студенттерге диспансердің қызметі таныстырылып, нашақорлықтың адам денсаулығына, психикасына және болашағына тигізетін зияны туралы кеңінен мәлімет берілді. Іс-шара барысында мамандар есірткіге тәуелді адамдармен жүргізілетін емдеу шаралары туралы айтып, нақты мысалдар келтірді.
Марьяна Джангалиева жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, құқықбұзушылықтың алдын алу жолдарын түсіндірді. Ол сондай-ақ есірткі қылмыстарының құқықтық салдарларына да тоқталып, жастарды қырағы болуға үндеді.