Елдегі техникалық және жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттыру, қоғамдағы беделін көтеру және жас ұрпақты осы салаға тарту мақсатында мемлекет басшысы қасым-жомарт тоқаевтың жарлығымен 2025 жыл «жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланған болатын. бұл бастама елдің индустриялық-инновациялық дамуы үшін өте маңызды, себебі экономика мен өндіріс салалары көбіне осы еңбек адамдарының арқасында алға жылжиды. саналы ғұмырының 42 жылын жастарды жұмысшы мамандығының қыр-сырына үйретіп, мыңдаған еңбек адамдарын өмір жолына қанат қақтыруға бар өнегелі өмірін арнап, техникалық және кәсіптік білімге сүбелі үлес қосып келе жатқан құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі басшысының оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары жандыбаев естай салықбайұлының еңбегі атап өтуге тұрарлық.
Ол 8-сыныпты бітіргеннен кейін кәсіптік білімнің қара шаңырағы №188 селолық кәсіптік-техникалық училищесіне (қазіргі Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі) оқуға түсті. Училище әкімшілігі сабақты үздік оқыған оны Ақтөбе индустриалды- педагогикалық техникумына оқуға жолдамамен жібереді. 1983 жылы техникумды техник-механик, өндірістік оқыту шебері мамандығы бойынша бітіргеннен кейін еңбек жолын өзі оқыған оқу орнында өндірістік оқу шебері болып еңбек жолын бастады. Жұмыс жасай жүріп жоғары білім алды. 2016 жылдан аға шебер, 2020 жылдан бастап директордың оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін абыройлы атқарып келеді.
Өндірістік оқыту шебері болып жасаған уақыттарда халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға, облыстық «Өз кәсібінің үздігі» конкурстарына, педагогикалық оқуларға үнемі қатысып, жүлделі орындарды иемденді.
Тәжірибелері республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық «Қазақстан кәсіпкері» журналына, сайттарға жарияланды.
Аға шебер, оқу өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары ретіндегі жұмыстарында тәжірибе алмасу мақсатында көршілес Астрахань қаласымен тығыз қарым-қатынаста болып, халықаралық кәсіби шеберлік сайыстарын ұйымдастырды.
Атырау өңірлік, республикалық WorldSkills чепионаттарына студенттер дайындауда Естай Салықбайұлының еңбегі зор. Атырау өңірлік WorldSkills чемпионаттарына студенттеріміз 2017 жылдары 2 құзіреттілік бойынша қатысқан болса, кейінгі жылдары 10-ға жетті. Аталған сайыстың республикалық кезеңінен шәкірттеріміздің жүлделі орындарды алуына да тәжірибелі маманның үлесі зор.
Сонымен бірге ол теориялық білімді өндіріспен ұштастыруда ауыл шаруашылығы мамандығына оқитын студенттердің практика базасы – оқу шаруашылығының жұмысын жоғарғы деңгейде ұйымдастырып, өндірістік қызмет жоспарының орындалуына атсалысып келеді. Жазғы маусымдық мал азығын дайындау науқанында да тынбай еңбектеніп, берілген тапсырмаларды артығымен орындап, аудан экономикасының дамуына сүбелі үлес қосуда.
Естай Салықбайұлы 42 жыл еңбек өтілінде қарапайым өндірістік оқу шеберінен техникалық және кәсіптік білім саласына адал қызмет етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, олардың болашағына бағыт-бағдар беріп, бүгінде ұжымда білгір де шебер ұйымдастырушыға айналды.
Техникалық және кәсіптік білім саласында абыроймен атқарған еңбегі лайықты бағаланып, аудандық, Атырау облыстық, Білім және ғылым министрінің Құрмет грамоталарымен, “Ұлағатты ұстаз” төсбелгісімен, І дәрежелі “Еңбек даңқы” орденімен марапатталып, есімі Атырау ұстаздары, республикалық үздік білім беру мамандарының «Үздік маман» энциклопедиясына енді.
Жан жары үздік педагог Мейрамгүл Мұхтарқызымен бірге бүгінде әр салада еңбек етіп жатырған ұл- қыздарын тәрбиелеп, ағайын-туыстың сыйластығына бөленуде. Білікті маманның өнегелі өмір жолы – қажырлы еңбектің, үлкен тәжірибенің, абырой мен жауапкершіліктің айғағы.
Айнагүл ШАКУПОВА