Атырауда әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 159 жоба іске асырылуда

(0 Votes)

Аталған жобалар Атырау және Маңғыстау облыстарындағы денсаулық сақтау, білім беру, экономикалық даму және азаматтық қоғамды нығайту бағыттарына арналған.

«Теңізшевройл» компаниясы Атырау облысы халқы мен компания қызметкерлерінің өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға елеулі үлес қосуды жалғастыруда.

Аймақта 120-дан астам әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу және жаңғырту жобалары жүзеге асты. Бұл — мектептер, ауруханалар, балабақшалар, демалыс орындары және тұрғындарға қолжетімді басқа да әлеуметтік нысандар. Бұл жобалардың негізінде ТШО-ның өмір сүру сапасын арттыру мен өңірдің тұрақты дамуына бағытталған кешенді әлеуметтік-инфрақұрылымдық «Игілік» бағдарламасы жатыр.

Айта кету керек, қазіргі таңда «Игілік» бағдарламасы аясында Жанаталап ауылында 150 орындық жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Ал өткен жылы Құлсары қаласында 600 орындық мектептің құрылысы аяқталған болатын.

Компания Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына (ӘИБ) айрықша көңіл бөліп отыр. 2010–2024 жылдар аралығында аталған бағдарлама шеңберінде 159 әлеуметтік жоба қолдау тапты. Олар Атырау мен Маңғыстау облыстарында денсаулық сақтау, білім беру, экономикалық даму және азаматтық қоғамды нығайту бағыттарын қамтиды. Бұл жобалар қоғамдастықтардың тұрақты және үйлесімді дамуына жағдай жасауға ықпал етуде.

2025 жылы ТШО әлеуметтік жауапкершілік дәстүрін жалғастырып, 21 жаңа жобаға қаржылық қолдау көрсетуде. Бұл жобалар медициналық қызмет сапасын арттыруға, білім беру ортасын жетілдіруге және азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған. Олардың қатарында өңір тұрғындарының экологиялық сауаттылығын арттыруға, жастар бастамаларын дамытуға және экологиялық жауапты қоғам құруға бағытталған жаңа экологиялық жоба — «Jer Eco Hub» бар.

ТШО құрылған 1993 жылдан бері әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға шамамен 3,5 миллиард АҚШ доллары бағыттаған. Осылайша, ТШО-ның әлеуметтік инвестициялары өңірдің тұрақты дамуының маңызды факторына айналып, тұрғындардың өмір сүру және еңбек етуіне жайлы жағдай жасап, оң әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қалыптасуына ықпал етіп келеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT