Биыл Атырау облысында ауыл шаруашылығы саласы бойынша құны 27,5 млрд. теңге болатын 5 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде 5 мың тонна құс етін өндіру фабрикасы, 21500 тонна көкөніс сақтайтын қос қойма, 5,6 га аумақты құрайтын жылыжай кешені мен жем дайындайтын зауыт бар. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев айтты, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Осы жылы егістік алқаптарының көлемін 20 пайызға ұлғайту, суды үнемдеуге көмектесетін технологияларды көбірек пайдалану жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту да алға қойып отырған мақсаттың бірі. Атырау қаласында жылына 500 дана жаңбырлатқыш құрылғы шығаратын зауытты іске қосу жоспарда бар.
–Биыл ауыл халқының табысын арттырып, әлеуетін көтеруге бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасына 1 миллиард теңге қарастырылып отыр. Жоспар бойынша 61 ауылдық округте 12 кооператив пен 148 несие алушыны қамтып, 161 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, — деді облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.
2025 жылы 9600 гектар жерге егін егу жоспарланып отыр. Оның ішінде картоп – 640 га, көкөніс – 3070 га, бақша өнімдері – 1415 га, мал азықтық дақылдары – 4530 га. Бүгінге дейін егістік алқабының 96 пайызы жыртылды, қалған 200 га аумақ көктемгі егін науқанына дейін дайын болмақ.