Атырау облысында өткен жылы 80 мың тоннадан астам ет пен сүт өндірілді

Атырау облысында өткен жылы 80 мың тоннадан астам ет пен сүт өндірілді
(0 Votes)

2024 жылы Атырау облысында 50 мың т ет, 31,3 мың т сүт пен 29,4 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Ірі қара басы 53%, қой мен ешкі 5%, жылқы 35%, түйе саны 17%-ға өсті. Ал құс саны 142,7 пайызға артты. 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев мәлім етті , - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Мал шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған несие бағдарламалары арқылы былтыр 1,5 млрд. теңге несие берілген. Нәтижесінде 4796 бас мал сатып алынды. Жыл сайын ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары артып келеді. Мысалы былтыр шаруаларды қолдау үшін бюджеттен 2 миллиард 995 млн. теңге төленді. Оның ішінде мал шаруашылығына 1,5 млрд, өсімдік шаруашылығына 146 млн, агроөнеркәсіп кешенін инвестициялық субсидиялауға 761,5 млн теңге бөлінсе, сыйақы мөлшерлемесімен субсидиялау үшін 585 млн теңге қарастырылған.

- Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің де саны артуда. Мәселен былтыр Қызылқоға ауданына қарасты Жасқайрат ауылында мал өнімдерін өңдейтін цех ашылды. «Құрман» шаруа қожалығына қарасты цехта тәулігіне 1 тоннаға дейін сиыр сүті өңделеді. Нәтижесінде ешқандай қоспасыз пастерленген сүт, қаймақ, айран мен ірімшік шығарылып отыр. Ал Индер ауданында мал бордақылау алаңы мен мал сою пункті ашылды, - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.

Аймақ басшысы орынбасарының сөзінше, өткен жылы егістік көлемі 5260 гектарды құраған. Егіс алқаптарынан 137 мың тонна өнім жиналып, жоспар толығымен орындалды: көкөніс – 69 394 тонна, бақша өнімі – 37 492 тонна, картоп – 15 002 тонна, мал азықтық дақылдар – 15 268 тонна.

Жалпы ауыл шаруашылығы саласының дамуына ветеринарияның да алатын орны зор. Мал дәрігерлеріне қолдау көрсету, жұмысшылардың жағдайын жасау —маңызды жайттардың бірі. Былтыр өңірдегі ветеринариялық ұйымдарға 34 қызметтік көлік табыс етілді. Бүгінде өңірдегі 76 ветеринариялық ұйым толықтай көлікпен қамтылған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT