Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Нұрхат Оразбаев Атырау қаласындағы пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және полиция мен тұрғын үй басқарушы ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері қарастырылды. Облыстың бас полицейі өңірдегі жалпы криминогендік жағдайдың біршама тұрақтанғанын да атап өтті. Дегенмен, бөтеннің мүлкін ұрлау және алаяқтық фактілері әлі де өзекті болып отырғанын жеткізді. Ол алаяқтардың тұрғындарды алдау үшін қолданатын түрлі айла-тәсілдері туралы баяндап, азаматтарды күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге шақырды.
Тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі кездесудің негізгі тақырыптарының бірі болды. Тәртіп сақшылары көпқабатты үйлерде бейнебақылау камераларын, дабыл қондырғыларын және смарт-домофондарды орнатудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ПИК және МИБ басшыларына тұрғындар арасында қауіпсіздікке қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Жиын соңында қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді атсалысқан азаматтар марапатталды. Полиция қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіздікке мұқият қарап, күдікті жағдайлар орын алған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабар беруге және жеке мүлкін қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауға шақырды.