Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің алаңында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің қатысуымен кеңес отырысы өтті. Жиынға 100 шақты кәсіпкер қатысты,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы және кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатысты. Жиын мақсаты — салық салу жүйесіндегі өзгерістер, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және дифференциалды тәсілді енгізу.
- Бүгінгі жиында Үкіметтің ҚҚС базалық ставкасын 16 пайыз деңгейінде белгілеу және бірқатар басым салалар үшін 10 пайыздық төмендетілген мөлшерлеме, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтан босату жайында баяндалды. Қазақстанға салық жүйесін жаңғырту қажет, бірақ бұл үдеріс кәсіпкерліктің дамуына нұқсан келтірмейтіндей және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтындай құрылымда болуы керек. Осы орайда кәсіпкерлер өздерінің жеке пікірлерін білдіре отырып, ұсыныстарын жеткізді. Бизнес өкілдерінің пікірлері міндетті түрде ескеріледі,- деді Б.Омарбеков.
Кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестердің өкілдері бизнес үшін тәуекелдерді барынша азайтуға және салық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсыныс жасады.
Жиын соңында барлық тараптың мүдделерін ескере отырып, салық жүйесін реформалаудың теңгерімді тәсілдерін әзірлеу мақсатында бизнес-қауымдастықпен консультацияларды жалғастыру туралы шешім қабылданды.