Аққыстауда 2800 түп ағаш отырғызылды

Аққыстауда 2800 түп ағаш отырғызылды
(0 Votes)

Бүгін Аққыстау ауылында 3 гектар жерге 2800 түп ағаш отырғызылды. Бұл – Атырау облысы әкімдігі мен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы арасындағы меморандум аясында бастау алған, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясымен ұштасқан игі іс.

Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бұл бастама – аймақтағы көгалдандыру жұмыстарын кеңейтуге арналған ұзақ мерзімді жоспардың жалғасы. Өңірде көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында 2021 жылы арнайы жер телімдері бөлініп, зерттеу жұмыстары қолға алынған болатын. 2022 жылдан бастап Атырау қаласына іргелес Талғайран елдімекенінде алғашқы ағаштар отырғызылды. Ал 2024 жылдың қазан айында бесжылдық меморандумға қосымша енгізіліп, көгалдандыру жұмыстары компанияның өндірістік құрылымдары орналасқан аудандарда да жүзеге аса бастады. Соның бірі – Исатай ауданы.

Аққыстауда көгалдандыру жұмыстары 2023 жылы басталған. Қазірге дейін ауыл маңындағы 3 гектар жерге 2700 түп көшет отырғызылса, бүгінгі күні тағы 100 түп ағаш отырғызылып, жасыл белдеудің ресми ашылуы өтті. Ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрым Мусин, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ бастығы Жасұлан Беркалиев және әкімдік қызметкерлері, мұнайшылар және сала ардагерлері қатысты. Құрметті қонақтар қатарында болған Құрманғали Мұхтаров пен Кенжабай Сағынғалиев жаңа белдеуге сәттілік тілеп, салтанатты лентасын қиды.

Көшет отырғызу жұмыстарына мердігер ретінде жергілікті «Жер-Ана» ЖШС тартылған. Бүгінде тал егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, мердігер мекеме көшеттерді отырғызу, қоршау, суару және күтім жұмыстарымен айналысуда. Жасыл белдеуді қалыптастыру кезінде жергілікті жердің топырағы мен климаттық ерекшеліктері ескерілген.

– Егілген көшеттер  осы өңірдің табиғатына бейімделген, өсу қарқыны жоғары ағаштар. Негізінен қара ағаштың екі түрі – ұсақ жапырақты және ірі жапырақты түрлері таңдалды. Бұл – әрі экологиялық жағынан тиімді, әрі күтімі жеңіл,-дейді мердігер мекеме «Жер-Ана» ЖШС бөлім басшысы Асқар Ниязов.

 Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Салима Абитованың айтуынша, отырғызылған ағаштарға алдағы бес жыл бойы «Ембімұнайгаз» жауапты болады.

– Ағаштарды суару, күту, барлық агротехникалық шаралар компания есебінен жүргізіледі. Бес жылдан соң күтім жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл жасыл белдеу жергілікті әкімдікке ресми түрде табысталатын болады,-деді ол.

  «Таза Қазақстан» акциясымен ұштасқан бұл бастама  қоршаған ортаны жақсартуға, ауыл экологиясын оңалтуға бағытталған нақты әрі ұзақ мерзімді жоба.

Жасыл белдеу жай ғана ағаш отырғызу емес, елдің ертеңі үшін жасалған өнегелі іс. Игі бастама  аймақты жасыл желекке бөлейтін үлкен жобаның алғашқы кезеңі ғана.

Ендігі жерде табиғатты аялау – әр тұрғынның ортақ ісіне айналуы тиіс.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT