Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облыстық XXIX сессиясы этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолындағы ауқымды істерге шолу жасап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен республикалық Ассамблея сессиясында берілген тапсырмалардың орындалуын талқылауға арналды.
Сессияны ашқан облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев көпұлтты қоғамымыздағы бірлік пен келісімнің маңызын ерекше атап өтті. Аймақ басшысының орынбасары өз сөзінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында жүктеген міндеттеріне тоқталып, сол тапсырмаларды іске асыруда облыста қолға алынып жатқан жүйелі шараларды атап өтті.
Алқалы жиын барысында бірқатар баяндама тыңдалды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова этносаралық қатынастар саласындағы қазіргі ахуалға шолу жасады. Ол өңірдегі ұлттар арасындағы келісім мен өзара құрметтің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, тұрақты қоғамдық диалог пен мәдениеттер үндестігін дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр.
Бізді біріктіретін – ынтымақ
«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Нурид Тикаев бірлік пен ынтымақтың мәңгілік құндылық екенін атап өтіп, этностар арасындағы достықты нығайтудағы азаматтық қоғамның рөлін ерекше бағалады. Ол «еліміздегі басты құндылық – бірлік пен өзара құрметте» деген пікірде.
– Біздің еліміз – көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет. Осындай алуан түрлілігімізге қарамастан, бізді біріктіретін – өзара сыйластық, бірлік пен ынтымақ. Бұл – ата-бабалардан қалған асыл мұрамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да» деген сөзінің өзі осы ұстанымның айғағы,-деп атап өтті.
Сонымен қатар бірлестік төрағасы Мемлекет басшысының «Адал азамат» бағдарламасын жүзеге асырудағы Ассамблея мүшелерінің рөліне тоқталып, өзі жетекшілік ететін «Жомарт Жан» орталығының су тасқыны кезінде көрсеткен көмегін мысал етті.
– Былтырғы көктемдегі апат кезінде Атырауда су басу қаупі төнген сәтте жұмыла әрекет етіп, бөгет салу жұмыстарына белсене араластық. Сол кезден бастап гуманитарлық көмек көрсететін орталық құрылып, мен сол штабтың жетекшісі болдым. Қайырымдылық пен ізгілік шараларын жалғастырып келеміз. «Вайнах» бірлестігі ретінде ерекше балаларға арналған «Жанеркемай» орталығын қамқорлыққа алып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етудеміз,-деді Нурид Тикаев.
Оның айтуынша, жастарға үлгі болатын мұндай істер ел ішіндегі татулықты, қоғамдық сананың биіктігін көрсетеді.
– Әрқайсымыз, әсіресе жастар, осы бірлікті сақтау жолында еңбек етуіміз керек. Ұлт болашағы – бірлік пен өзара құрметте. Бірлігіміз берік, ынтымағымыз тұрақты болсын!-деп сөзін қорытындылады Нурид Тикаев.
Ал «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облысы бойынша төрағасының орынбасары Андрей Лобыкин шығармашылықтың ұлттар арасындағы өзара түсіністікті арттырудағы орнына назар аударды. Ол өз баяндамасында шығармашылық арқылы этностар арасындағы қарым-қатынасты нығайтудың маңызын атап өтті.
– Ассамблея – еліміздегі барша ұлт пен ұлысты біріктіретін үлкен отбасы. Мен сол отбасының бір мүшесі болғаныма шын жүректен мақтанамын. Президент сессияда мәдениет пен өнерді дамытудың жаңа жолдарын ұсынды. Сол ұсыныстардың бірі ретінде – этностардың театрлық фестивалін өткізу. Мен бұл бастаманы қолдаймын және Атырауда жастар театры ашылса, бұл үлкен жетістік болар еді, -деді ол.
Қоғамдық бірлестік өкілі сондай-ақ студент кезінен шығармашылықпен айналысып, КВН, Жайдарман ойындарында өнер көрсеткенін, кейіннен облыс орталығындағы орыс драма театрына актер ретінде шақырылғанын да жеткізді.
– Біз театр ұжымымен Наурыз, Жаңа жыл, Театр күні сынды мерекелерде түрлі қойылымдар ұсынамыз. Абай мен Вивальди шығармашылығына арналған музыкалық-поэтикалық кеш өткізуіміз де – рухани бірліктің көрінісі,-деді ол.
Жастар – ел бірлігінің тірегі
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, каратэ жаттықтырушысы, каратэден қара белбеу иегері, халықаралық деңгейдегі спорт шебері, әлем және Еуропа чемпионы, Қазақстанның 8 дүркін чемпионы Андрей Котов спорттың этносаралық диалог құралы ретіндегі әлеуетін баяндады. Оның пікірінше, спорт тек дене тәрбиесі емес, сонымен бірге тәрбие мен бірліктің де алаңы бола алады.
– Салауатты өмір салтын ұстану мақсатында бала кезімнен спортпен айналысып келемін. Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында бұқаралық спорттың дамуына ерекше назар аударып, ұлт саулығы – ел болашағы екенін атап өтті. Бұқаралық спорт – тек чемпиондарды дайындау емес, сонымен қатар дені сау, мықты, отаншыл азаматтарды тәрбиелеудің жолы. Бүгінде менің залымда әртүрлі ұлт өкілінен құралған 500-ден астам шәкірт жаттығуда. Олардың арасында әлем, Азия чемпиондары да бар. Бірақ басты мақсатым – мықты спортшы ғана емес, елін сүйетін, адал азамат тәрбиелеу. Өйткені еліміздің болашағы – жастардың қолында. Біз бірлікте ғана жетістікке жетеміз,-деді ол.
А.Котовтың сөзінен аңғарғанымыздай, спорт – физикалық тәрбие ғана емес, ол жастарды бірлікке, ынтымаққа, патриоттық рухқа тәрбиелеудің қуатты құралы. Оның «Спорт – нашақорлыққа қарсы!» ұранымен өткізген республикалық турнирі осының дәлелі. Бұл бастама жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, ел ішіндегі татулық пен өзара құрметті нығайта түсті.
Сессияда журналистиканың бірлік пен келісімді нығайтудағы рөліне де ерекше мән берілді. Бұл туралы Атырау облысы ҚХА Журналистер клубының мүшесі, «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Надежда Тулина айтты. Ол Президенттің сессиядағы сөзіне сүйене отырып, журналистерге артылған үлкен жауапкершілікке тоқталды. Оның баяндауынша, «Прикаспийская коммуна» газеті этножурналистиканың дамуына елеулі үлес қосып отыр. Газетте жарық көріп жүрген тұрақты айдарлар этносаралық байланысты нығайтуға бағытталған.
– Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге өстім десем, қателеспеймін. Мемлекет басшысы жуырда өткен сессиясында «Ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды» деп атап өтті. Бұл – біздің, яғни журналистер клубының да басты міндеті, -дей келе, өңірлік баспасөздің атқарып жатқан нақты жобаларына тоқталды.
Сессия соңында өңірдегі қоғамдық келісім мен достықты нығайту жолында еңбегі сіңген бірқатар адам марапатталды.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ