«Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлын қабылдады»,- деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бас имам Құрбан айт меркесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. «Қазіргі кезде Құрбан айт мейрамына дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты, құрбан шалу биыл да қашықтықтан өтеді. Бірақ, санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, өз үйінде құрбан шалатындарға да мүмкіндік қарастырылып отыр. Әкімдіктің қолдауымен арнайы штаб құрылып, мал базарлары тексеріліп, құрбандық шалу орындары белгіленді»,-деді А.Ұтысханұлы.
Бас имамның айтуынша, 20-22 шілде аралығында өтетін Құрбан айт кезінде халық жаппай жиналатын жерде құрбандық шалуға тыйым салынғанмен, діни рәсімді әркімнің өз ауласында өткізуге рұқсат етіледі. Сонымен қатар, ет сақтайтын тоңазытқыштар дайындалып, мұқтаж отбасылардың да тізімі жасақталғанын айтты.
«Былтырғыдан тәжірибеміз бар. Құрбан айтты халықтың көңілінен шығатындай етіп дұрыс ұйымдастыру — үлкен жауапкершілік»,-деген облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов аталған іс-шараны ойдағыдай өткізу керектігін айтты. Сондай-ақ, ол Құрбан айт мерекесіне орай атыраулықтарды құттықтады.