«Ауыл аманатының » ауылға берері мол

«Ауыл аманатының » ауылға берері мол
(0 Votes)

Ауыл – ұлттың алтын діңгегі. Елдігіміздің, тамырымыздың негізі – ауыл тіршілігі. Бүгінде ел Президентінің бастамасымен ауылды өркендету, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Соның бірі – ауыл тұрғындарына жаңа серпін, жаңа мүмкіндік берген «Ауыл аманаты» жобасы.

Ауылдағы ағайынның ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік бағытында жаңа іс бастап немесе байырғы кәсібін жандандыруға жол ашатын «Ауыл аманаты» бағдарламасы биыл қайта қаржыландырылмақ.Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы- ның ауыл- аймақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін іске қосылған жобамен биыл 50 млрд. көлемінде жеңілдетілген несие берілмек.

«Ауыл аманаты» - бұл қайтарымсыз қаржы емес, жеңілдетілген несие. Несиенің жылдық үстемесі 2,5%-бен 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Қарыздың ең жоғары сомасы 10 млн. теңгеге жуықтайды. Ал ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін 31 млн. теңгеге дейін несие беріледі. Бағдарламаның арқасында соңғы екі жылда елімізде 18 мың жаңа жұмыс орны ашылған. 

Атырау облысы бойынша «Ауыл аманаты» жобасымен 2023 жылы 192 бюджеттік микронесие берілген. Оның ішінде мал шаруашылығына 138, егін шаруашылығына екеу, шағын бизнесті дамытуға 52 не¬сие бөлінді. Нәтижесінде 133 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Аталмыш 192 бюджеттік микронесиенің 29-ы Махамбет ауданының да үлесінде. Бағдарлама басталған уақытта өтініш беріп, бүгінде кәсібін оңтайлы жолға салып алғандар жемісін көріп жатыр. «Қаржылай несиені екінші деңгейлі банктерден алсаңыз, пайыздық мөлшерлемесі шарықтап тұр. Ал, мемлекет ұсынған бағдарлама әлдеқайда ұтымды. Бар- жоғы 2,5% бен 10 млн.-ға жуық соманы алып, ауылда жоқ кәсіпті бастауға да болады. Бүгінде осы жобаның қолдауымен отбасылық шағын маркет ашып, жабдықтадық. Тұрғындардың сұранысына ие тауарларды күнделікті жеткізіп отыруға тырысамыз»-дейді «Мандарин» шағын маркетінің иесі Ерұлан Болатов. 

«Ауыл аманаты» жобасын өткен жылы қаржыландыру уақытша тоқтап қалды. Әйтсе де, өтініш білдіргендердің саны биылғы үш аймен қосқанда жүзге жуықтап қалған. Құжат тапсырушылардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, яғни мал басын көбейту бағытын таңдап отыр дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандағы өкілі Ә.Сисенбаев. 

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жобаның операторы ретінде тапсырылатын құжаттардың тізімін ұсынып, ақпараттық қолдау көрсетеді. Ал, несие алушыға қойылатын негізгі талаптарға келер болсақ: жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс, басқа несиелері бойынша мерзімі өткен төлемдер, мемлекеттік кірістер органдарындағы берешегі болмау керек және кепілмен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың (жер телімі, қора) болуы қажет. Өтініш берушінің зейнет жасына жетпегені де ескеріледі. 

Жуырда аудан әкімінің қатысуымен өткен ауыл шаруашылығы маман-дары, шаруагерлер бас қосқан жи¬ында өңірде кооперативтерді да-мыту мәселесі алдыңғы орында тұрғаны айтылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан кел¬ген өкіл де мемлекет кооператив құру үшін қаржы бөлуге қашанда дайын екенін түсіндірді. Осы ретте «Ауыл аманаты» жобасы бойынша аудан¬нан алғашқылардың бірі болып коо¬ператив құруға құжат тапсыра кел¬ген «Айсұлтан» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Жұмағазиевпен тілдестік. 2011 жылдан бері егін және мал шаруашылығын қатар алып келе жатқан Қайрат ағамыз отбасылық кәсіпті дамытуға айналым қаражатының жоқтығы кедергі болып отыр дейді. 

-2011 жылы бастаған кәсібіміз тоқтап қалмаса да, үлкен айналымға шықпай отыр. Оған кедергі – осы қаржы мәселесі. Бастапқыда бар жиған- тергенімізді салып, шаруашылықтың негізін қаладық. «Аграрлық-несие коорпорациясы» арқылы 6 пайыздық субсидиялау бағдарламасымен 2021жылы 40 бас жылқы малын алып, соны өсіріп отырмыз. Бір жылдары бақша өнімдерін, картоп, сәбізге дейін егіп, жақсы өнім алдық. Алайда, айналымға ақша салынбаған соң бар- жоғы 5 гектар жерге қияр, қарбыз, қауын егумен шектеліп қалдық. Мал азығын да қанша жылдан бері ескі болса да өз техникамызбен өзіміз дайындап отырмыз. Ендігі жоспа¬рымыз – ағайындылар болып бірігіп кооператив құрып, түйе мен сиыр малын сатып алу, санын көбейту. Осы бағытта шаруашылықты кепілге қойып, берілетін шекті сома 31 млн. теңгеге өтініш білдіріп отырмыз,- дейді кәсіпкер Қ.Жұмағазиев. Арғы атасы да осы ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген шаруагер кәсібін кеңейтіп, болашақта балаларын да осы салаға бейімдеп кетуді қалайды. Егін салып, мал өсіру оңай әрі та¬бысты болып көрінгенімен, көзге көрінбейтін қиындықтары қаншама? Айналымға қаражат, малдың азығы, техниканың тозуы деген дүниелер кәсіпкерге қолбайлау болып жатады. Сол үшін де мемлекет ұсынған ар¬найы жобалардың ауылдағы ағайынға берері мол. Ал, «Айсұлтан» шаруа қожалығына осы жылы қаражат бөлініп, жұмысын жандандырса, аудандағы кооперативтердің көшін бастап кетеріне сенеміз. 


А.САТАЕВА

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT