Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында актив жиыны өтті.
Аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы Президент Жолдауы елдің алдағы даму стратегиясын айқындағанын атап өтті. Сондай-ақ ол өз баяндамасында ауданға инвестиция тарту бойынша 4 ірі жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Олар 2023 жылға дейін аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, аудан әкімі ауыл шаруашылық саласындағы мәселелерді қозғап, кәсіпкерлерге көрсетілген қолдаулар жөнінде деректер келтірді. "Бизнестің жол картасы 2025" бағдарламасы бойынша 9 жобаға 72 млн теңге көлемінде несие берілген. Ал «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл аудан кәсіпкерлерін несиелендіруге 34 млннан астам қаражат бөлініп, 7 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылған. Ауданда ауыл шаруашылық саласының қарқыны да жаман емес. Биыл ауданда 8674 мал бағылуда, бұл өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 9,5 пайызға өсіп отыр. Ауданда 62 шаруа қожалығы тіркелген болса, көршілес Қызылқоға ауданынан қосылған 413 мың гектар жерде орналасқан 13 шаруа қожалықты аудан есебіне алу жұмыстары жүргізілуде.
Жиын барысында денсаулық сақтау және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағыты бойынша баяндамалар тыңдалып, оны іске асырудың негізгі бағыттары талқыланды. Жарыссөзге жазылғандар Жолдаудағы жеті бағытты іске асыру бойынша аудан көлемінде атқарылатын жұмыстар ретін қозғады. Жиынды қорытындылаған аудан басшысы идеологиялық активке қатысушыларды Жолдауда айқындалған басым бағыттарды орындауға жұмыла кірісіп, сапалы жұмыс істеуге шақырды.
Мөлдір Ізтұрғанова
Суреттер автордан