Нұротандықтар экологияға алаңдаулы

(0 Votes)

Экология мұнайлы өлкедегі өзектілігін жоғалтпайтын мәселе. Сондықтан ол тақырып жергілікті жауапты мекемелердің назарынан тыс қалған емес.

Сәрсенбі күні «Nur Otan» партиясының  Мақат аудандық ғимаратында экологиялық кеңес жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Мақат аудандық мәслихатының депутаты Әділбек Идаятов төрағалық еткен отырысқа қоғамдық кеңес мүшелері, бөлім мен мекеме басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе Мақат және Доссор кенттеріндегі тұзды батпақты жерлерде көму бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына сөз берілді. Ол туралы «Мақат және Доссор кенттеріндегі тұзды батпақты көму бойынша жобалық сметалық құжаттама жасақтауға жергілікті бюджеттен 8 928 571 теңге бөлінді. Ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінде ашық конкурс жарияланды. Ол аяқталған соң мердігер мекемемен жұмыстар жүргізілетін болады», - деді бөлім басшысы Темірбек Іңірбай. Спикер сонымен қатар «Шыңдау» ЖШС –мен арадағы келісім шарт бойынша 592 858, 813 теңгелік жоба биылғы жылы аяқталып, аудан аумағында экологиялық талаптарға сай жалғыз қоқыс алаңшасы болатынын айтып өтті. Жиналысқа қатысушылар тарапынан сорлы жерлердің ешқайсысы ұмыт қылмай көмілуіне және тазалық жауапты мекемелердің ауыл сыртының тазалығына да көңіл бөлулеріне қатысты ұсыныстар көтерілді. Кеңес мүшесі Нұриден Байниязов: «Доссор мен Мақат кенттерінің арасындағы Бәйгетөбе аталатын жерге белгісіз біреулер қара жолмен барып қоқыс төгіп кетіп жүр. Осы туралы талай жерлерде қозғап жүрмін, әлі шешілмей келе жатыр», деп  - бөлім басшысына базынасын жеткізді. Темірбек Кәримоллаұлы болса ұсыныстар аяқсыз қалмайтындығын айтты.

Ағымдағы жылдың 9 айында табиғатты қорғау мәселелері туралы атқарылған жұмыстар бойынша мекеме басшылары баяндама жасады. Бірінші боп мінберге көтерілген «Доссормұнайгаз» МГӨБ өкілі 9 айда отырғызылған ағаш көшеттері мен шығарылған сұйық-тұрмыстық қалдықтарға қатысты есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. «Келесі жылы «ҚазМұнайГаз»ҰҚ АҚ-ның 20 жылдығы мен «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 100 жылдығы мерекелеріне орай Доссор-Құлсары трассасының сол жағында орналасқан сорлы аумақты топырақпен жабуға айтарлықтай қаражат бөлінеді. Сонымен қатар бұқаралық спортқа арналған алаң жобасы Мақат аудандық әкімдігінде қаралуда. «Доссормұнайгаз» МГӨБ кеңсесінің артында халықтың мәдени демалысы үшін 77 млн теңге сомасына жасыл желек отырғызу мен демалыс саябағының құрылысы жоспарлануда», - дейді аталған мекеме өкілі.  Айта кететіні, биыл талдар «Доссормұнайгаз» МГӨБ-ке қарасты кен орындарында ғана егілген.

Келесі болып сөз алған «Мақат» ЖӨБ-ның өнеркісіптік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің инженері Аида Қабдешева өз баяднамасында: «Қазіргі таңда «Мақат» ЖӨБ аймағында 1123 түп ағаш өсуде. Оған қоса «Эверест КР» ЖШС мердігерлік компаниясы тағы 70 түп ағаш отырғызды. Сондай-ақ Ошақ Ата қорымында 30 түп тал егіліп, уақытылы суарылып және айналасын абаттандыру жұмыстары үнемі жүргізілуде», - деді.

Әділбек Идаятов баяндамашыға өз кәсіпорындарының аумағымен шектелмей, кент  бойынша да көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге атсалысуға кеңес берді.

Жиын соңында жиналыс төрағасы «NCOC» компаниясы аудан аумағынан 20 гектар жерді 2 жылға тал егу жұмыстары үшін жалға алып, 2 жылдан соң жергілікті әкімдікке тапсырамыз деген уәделері бар екендігін, кент әкімдерінен соған қатысты дайындық жұмыстарын сұрады. Өз кезегінде Мақат кентінің әкімі Ербол Ермағанбетов суару мәселесі мен тал егу үшін жер телімдерінің дайын болуы шешілу барысында екендігін айтып өтті. Әкімдердің жауабын тыңдаған  Әділбек Мақсұтұлы: «Бір кентке 10 гектар жер деген аз емес. Оңай жолын іздеп ауылдың шетінен бір территорияны қоршай қоймай, ауылды толығымен қамтуға тырысайық», - деп пікір білдірді.    

Сөзін толықтыра кеткен Мақат кентінің әкімі: «Үлкен компаниялар ауданымызға жылда бір нысан салып беретін еді. Өкінішке орай соңғы кезде ол үрдіс тоқтап тұр. Мысалы, NCOC компаниясының әлеуметтік бағыттағы бізге тиесілі жобасы обылс әкімдігінен бізге ауыспай тұр. Осыны аудан депутаттарынан жоғары жаққа көтеріп, кеңесіміздің келесі отырысына аталған мекеме өкілін шақыруыңызды сұраймын», - деп ұсыныс айтты.

Партия жанындағы экологиялық кеңестің ендігі отырысы қараша айында өтпек.

                                                                                                                         А. Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT