Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Исатай ауданының жастары Мақат ауданының жалынды жастарына бейне ролик арқылы эстафета жолдаған болатын. Осы орайда біздің ауданның өткен жылы өз саласынан үздік деп танылған бір топ жастары аталмыш эстафетаны жалғап әкетті.
Шағын ғана бейне роликте Абайдың түпсіз терең ойларына үңілген жастар, айтар сөзін өзінің үздік танылған бағыттарымен барынша байланыстырған. Алдымен Мақат аудандық орталық мешітінің бас имамы Біләл Сүннетқожаұлы Абай атамыздың әр сөзін асыл дінімізбен ұштастырып отырғанын өлең жолдарымен мысалға келтірсе, "Үздік жас отбасы" деп танылған Доссорлық Еримовтар отбасы ақынның текті әулеттен тарағанын тұспалдайды. Аталмыш эстафетаның жалғануына ұйытқы болған Мақат аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Әсел Қаржауова жастардың бойына қажетті деген дүниелерді оның шығармаларында атап көрсететінін тілге тиек етсе, Үздік жас педагог Сәрсенбай Отарбайұлы жасымыздан ғылым барын ескеріп, қолымызды уақытынан кеш сермеп қалмауға үндеді.
Сұлу сөздің зергері әлеуметтік бағыттан бөлек табиғат анамыздың түрлі кезеңдерін "Жаз", "Күз", "Қыс" деген өлеңдерінде керемет суреттейтіні баршамызға мәлім. Ал, жас суретші «Үздік жас өнер мектебінің қызметкері» Абылай Доспаев адамның есейгеннен кейін алдына қойған белгілі мақсаты болуы керек деген ойын Абайдың "Әсемпаз болма әрнеге" өлеңімен ұштастырса, «Жыл үздігі" атанған муайтайшы Әбіл Галиев жеңісіне де басты негіз - ұлттың ары үшін жұмылатын жігіттік мінез екенін айтады. «Үздік жас мұнайшы» Наурызбек Жолдыбаев күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен кейде рухани жағымызды ақсатып жататынымызды жасырмай, Абай алтыншы қара сөзінен үзінді келтірді. Бұл ретте «Үздік жас теміржолшы» Назира Оразова үлкен фәлсапалық ұғымға ие болған «Абайдың жолын», оның идеал болмысын сөз етіп, бүкіл адамзатқа үлгі деп суреттейді. Тәннің саулығы үшін тұрғындарға неден қашық болуды үгіттейтін «Үздік жас дәрігер» Ержан Сартаев, Абай атамыздың жанның саулығы үшін не дегенін ескертеді.
Аудан жастары Исатай жастарынан қабылдаған челленджді әрі қарай Атырау жастар театрына, Құрманғазы ауданының жастарына және Доссор кентіндегі Абай Құнанбаев атындағы орта мектебіне жолдады.
А.Садыков