Жастар – қай заманда, қай елде болсын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал жаңа идея қазақ елінің жаңаруына, «Мәңгілік ел» болуына сілтейді.
Жастар – қашанда белсенді буын өкілдері. Елімізде жастардың білімді, қабілетті болуына әрдайым үлкен мән беріліп келеді. Білімге, өнерге, спортқа, кәсіпкерлікке ұмтылған жалынды жастарды қолдайтын көптеген мемлекеттік бағдарлама жүзеге асты.
Биылғы жылды президентіміз Қ.Тоқаевтың еріктілерге арнауы да жастардың елі үшін белсенді қызмет етіп, халқына қамқорлық танытуға мол мүмкіндік берді. Әсіресе, әлемді індет дендеген алмағайып кезеңде ерікті жастардың еткен еңбегі өлшеусіз.
Осы орайда еріктілер жылына орай жастар ресурстық орталық жанынан «Асар» және «Үміт-Арт» волонтер топтары құрылып, ел басына күн туған уақытты белсенді қызмет атқара білді.
Тұрғындарға тегін бетперде таратудан бастап, мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек жеткізу, азық-түлік тарату, ауруханадағы науқастарға қажетін жеткізіп беру, індетпен күресіп жүрген ақ халатты абзал жандарды алғыс білдіру, дезинфекция жұмысын, халыққа түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыруды қолға алды. Қажет кезінде рейдке де шығып, мемлекеттік қызметкерлерге қол ұшын созып жүрген де – ерікті жастар.
Ауданда жастар ресурстық орталығының бастамасымен жыл басынан бері әртүрлі бағыттағы жастарға бағытталған 95 іс-шара жоспарланып, бүгінде 67 шара өткізіліп, жастар белсенділік танытты. Еріктілер жылында өткен шараның басым бөлігі қайырымдылық пен тазалыққа бағытталса, денсаулық сақтауға арналған, рухани-танымдық, мәдени шаралар да назардан тыс қалмады.
Сондай-ақ, орталықта бүгінгі күнге дейін жастарға жұмыссыздық мәселесі, кәсіпкерлігін дамытуға, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы, еріктілік жұмыс туралы кеңес беріліп, жол көрсетіліп келеді.
Жаз мезігілінде студенттердің, жоғары сынып оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жыл сайын «Жасыл ел» еңбек жасағы құрылатын. Биылғы жылы бұл жасақ елдегі жағдайға байланысты кешігіп, жұмысын бастады. Десе де, жас сарбаздар қалтқысыз қызмет атқарып, ауданның абаттандыру мен тазалық жұмыстарын тап-тұйнақтай атқарып жүр. Бірінші айда 60 сарбаз еңбек етсе , екінші айда 45 жас қызмет атқаруда.
Жыл сайын елімізде 12 тамызда жастар күні тойланады. Биыл да солай. Тек карантиннің кесірінен бұл күнді думандатып тойлай алмайтынымыз анық.
Елдегі жағдай бір қалыпқа келгеннен кейін, орталық жұмысын жаңа қарқынмен, тың бастамамен жалғайтын болады. Жастардың басы бір арнаға тоғысып, біте қайнасатын уақыт алыс емес деп ойлаймыз. Жалындаған жастар үшін орталық есігі әрдайым ашық. Өз идеясын, жобасын білдірген жастарға біз қашанда қолдау танытуға асықпыз!
Егемен елдің жастары баянды болашақтың байрағын көтеріп, жарқын келешектің желкенін керіп келеді. «Мен жастарға сенемін!» деп үкілі үміт және сенім артқан Мағжанның жауһар жырына арқау болған ел ертеңі жастар қашанда елдің ертеңі үшін аянбақ емес.
Есенаманова Алтынгүл,
аудандық жастар ресурстық орталығы
басшысының уақытша міндетін атқарушы