Отан қорғаушылар күні қарсаңында аудандық Жастар ресурстық орталығы жанынан құралған "Көзайым" қыздар клубы ер-азаматтарды мерекемен құттықтады.
Қыздар әр сала да қажырлы еңбек атқарып жүрген азаматтарды тілге тиек етіп, құттықтау бейнеролик дайындаған. Оның ішінде белдескеннің белін сындыратын, тірескеннің тізесін бүктіретін спортшылар, мәдениет пен өнер саласына еңбегі сіңген өнерпаздар, байланыс және ақпарат саласының майталмандары, мұнайшы және тоғыз жол торабын тоғыстырған теміржолшылар, білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау саласының ер-азаматтары және әскерде қалтықсыз еңбек етіп жүрген сарбаздарымызды да ұмыт қалдырмай мерекемен құттықтаған.
Халқымызда "Ер-елінің қорғаны" деген аталы сөз бар. Осы орайда аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз. Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңіз табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілейміз демекпіз.
"МТ"