Атырау қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XVI маусымының жабылу салтанаты ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова маусым бойы белсенділік танытып, үздіктер қатарынан көрінген бір топ жасты марапаттады.
Шара барысында жастарды жігерлендіріп сөз сөйлеген Бақытгүл Хаменова «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының маңыздылығына тоқталып өтті. «Келешек ұрпаққа экологиялық білім беріп, оларды еңбексүйгіштікке, патриоттыққа, жинақылық пен тазалыққа тәрбиелейтін «Жасыл ел» бағдарламасының өскелең ұрпақ үшін маңызыз зор. Осы арқылы қаншама жас бос уақытын тиімді өткізіп, еліне қызмет етуде. Жыл сайын «Жасыл елде» еңбек еткісі келетін жастар санының артуы да көңіл қуантады. Өңірімізде жастарды ілгері дамытуға арналған жобалар да, мүмкіндіктер де аз емес. Тек оны өз керегіне қарай дұрыс пайдалану - әрбір жастың құзырындағы жұмыс», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Биыл карантиндік шектеулерге қарамастан, «Жасыл ел» еңбек жасағы құрылып, дәстүрлі түрде өз жұмысын жалғастырды. Аудан жастары да өңіріміздің тазалығы үшін жауапты болып, көгалдандыру және құрылыс бағытында жұмыстар жүрді. 115 жас екі ай бойы еңбек жасағында қызмет атқарған болатын. Дегенмен еңбек еш кетпеді. Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары маусым бойы белсенділік танытқан бір топ жасты «Үздік жоба», «Үздік командир», «Үздік медиа-маман», «Үздік штаб», «Үздік жұмыс беруші», «Жыл серпіні», «Үздік сарбаз» аталымдарымен марапаттады.
Бұл аталымдардағы екі бірдей номинация ауданға тиесілі болды. Аудандық жастар ресурстық орталығы «Үздік штаб» атағын иеленсе, ауданда ерекше еңбек жасағының құрамында командалық жұмысты ұйымдастырғаны үшін Жадыра Есімова «Үздік командир» атанды.
Атырау облысында соңғы бес жылда «Жасыл ел» жобасы аясында сегіз мыңға жуық жас жұмыспен қамтылған. Ал, биыл 1004 жас жұмысқа тартылған. Оның ішінде 294-і облыс орталығынан болса, 710 аудан жастары.
М.ІЗТҰРҒАНОВА