Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бас реформаторына айналды деп айтуға толықтай негіз бар. Бұл оның VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінен де көрініс тапты.
Бір жылдың ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болған негізгі өзгерістерге тоқталған мемлекет басшысы жүзеге асырылған реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделгенін айтты.
«Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі. Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды бес саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік» деді ол.
Расымен де, реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі біршама кеңейіп, қос палатаның жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілгені жасырын емес. Бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Осылайша, жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды Парламентке айналды.
Артур СӘДІБЕКҰЛЫ,
Атырау облысы Балық шаруашылығы басқармасының басшысы