Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 1 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
-Сонымен қатар, ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды. Елімізде бірнеше жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында 1 мыңнан астам ауылдағы 3 700 нысан жаңғыртылды. Оның бәрі – әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары. Бұл жұмыс болашақта да жалғасады», - деді Президент.
Мемлекет басшысының атап өтуіншпе, биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді.
«Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.