Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында бюджет есебінен жүргізілетін әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерін сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс. Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет. Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымынша, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында. Қазір әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ, жұмыс жүйелі емес, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығады. Бұл жұмысты бір жерден ұйымдастырып, кешенді түрде жүргізу керек», - деді Мемлекет басшысы.