ҚР Парламенті Мәжілісі мен AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов партия атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында сайлаушыларға берген уәделердің құны туралы ой қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Күні кеше ғана Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан мен Адал азамат» концепциясын ұсынды. Әділет пен адалдық – ажырамас ұғымдар. Ал, осы ұғымдардың салтанат құруы үшін қоғамдық сана мен әлеуметтік құндылықтар өзгеруі керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Бұл бізге де қатысты. Осы жолда AMANAT партиясы барлық игі істердің алғы шебінде жүруі тиіс», - деді Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы халықтың билікке орындалмайтын талап қойып отырмағанын атап өтті.
«Қазір онсыз да қоғамның сұранысы күшейді. Алайда, азаматтар бізден орындалмайтын нәрсені сұрап отырған жоқ. Олар берген уәдеміздің уақытында әрі сапалы орындалуын, реформалардың нақты нәтижесін тағатсыздана күтіп отыр. Олай болса, депутаттардың бел шешіп жұмысқа кірісетін шағы келді. Бұл, әсіресе, мәслихат депутаттарына қатысты. Сіздер – партияның жергілікті жердегі өкілісіздер. Бүкіл өңірлік саясатқа ықпал етесіздер. Сіздердің мойындарыңыздағы жүк жеңіл емес. Бұрын халық әкімді іздейтін, қазір депутаттан сұрайды. Не жағдай болса да, «AMANAT қайда?» дейді. Оны өздеріңіз де сезініп жатқан шығарсыздар. Біз осы сынаққа дайын болуымыз керек», - деді партия төрағасы.