Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әсия Ақанова әріптестерін журналистерден қорықпауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көптеген мәселенің шешімі өңірлердің, аудандар мен қалалардың жол карталарында белгіленген. Оларда басым бағыттар бойынша нақты іс-шаралар айқындалған және бәрі қазақстандықтардың ұсыныстары мен өтініштеріне негізделген. Басқаша айтқанда, бізде оларды жүзеге асыруға қажетті құралдар мен өкілеттіктердің бәрі бар. Бірақ, оларды толық пайдалануды осы уақытқа дейін үйренбегенімізді мойындауымыз керек», - деді депутат.
Сондай-ақ, ол бірнеше ұсыныс айтты.
«Сайлауалды бағдарламаны іске асыру басталды. Нысандар іске қосылып, бастамалар іске асырылып жатыр. «Министр жаңа өндіріс ашты», «Министр жаңа бағдарламаны іске қосты» деп келетін жаңалықтар жиі кездеседі. Егер орталық деңгейде бюджетті Мәжіліс бекітсе, өңірлік деңгейде мәслихат бекітеді.
Біз, мәслихат депутаттары, өзіміз ашық болуымыз керек. Үнемі брифингтер, баспасөз конференцияларын өткізейік. Біз журналистерден қорықпауымыз керек, керісінше олармен сындарлы түрде ынтымақтасуымыз керек. Үшіншіден, студенттермен кездесіп, жастарға депутаттармен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беруге шақырамын», - деді Әсия Ақанова.