Үзіліссіз қозғалыстың ұйытқысы

(0 Votes)

Тамыз айының  алғашқы жексенбісі – ел өмірінің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етіп отырған, уақытпен санаспай еңбек ететін көлік және коммуникация саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. 

Бұл күн – пойыз дөңгелегінің сарынын өміріне серік еткен, тұтас мемлекеттің экономикалық тамырын жалғап тұрған теміржолшыларға деген құрметтің айқын белгісі. Мереке қарсаңында біз «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Жүк тасымалы дирекциясы Атырау бөлімшесі филиалы Аққыстау станциясының тыныс-тіршілігіне үңіліп, оның аудан өміріндегі маңызын саралап көрдік. 4-ші класты шағын станция деп саналатынымен, Аққыстау станциясы – аудандағы стратегиялық орындардың бірі. Себебі дәл осы станция арқылы көршілес Ресей Федерациясына бағытталған жүк пойыздары өтсе, ауданға қажетті құрылыс материалдары мен өндірістік тауарлар, жол шаруашылығы мен жергілікті кәсіпорындарға арналған жүктер де осында келіп түседі. Станция жұмысы  сырт көзге білінбесе де, аудан тіршілігінің діңгегі. Тынымсыз пойыз қозғалысы мен теміржолшылардың бірізді жұмысы аудан дамуына үнсіз үлес қосып келеді. Станция басшысы Гүлнәр Көшкінбаеваның айтуынша, Аққыстау – транзиттік маңызы жоғары, жүк айналымы күн сайын артып келе жатқан станция. Мұнда жоспардан тыс артық жұмыс көлемі де тұрақты түрде орындалып отыр. Ал атқарылып жатқан істің жүйелі жүруі  ұжымның ұйымшылдығы мен тәртіпке негізделген табанды еңбегінің нәтижесі.

Өткенге көз тастап, шойын жолдың шежіресіне үңілсек,  аудан тарихындағы маңызды бетбұрыстардың бірі – Атырау–Астрахан теміржолының салынуы. Бұл оқиға ауданның әлеуметтік-экономикалық өміріне тың серпін беріп, бүкіл аймақтың дамуында ерекше рөл атқарды. ХХ ғасырдың екінші жартысында, нақты айтсақ, 1960 жылдардың соңында басталған құрылыс жұмыстары ел тарихындағы инженерлік жетістіктердің бірі ретінде бағалануы тиіс.

Аталған ірі жобаны жүзеге асыруға УС-99 тресінің СМП мекемелері белсене атсалысты. Құрылыс жұмыстары ауданның Исатай, Аққыстау ауылдарын қамти отырып, Бақсай, Томан, №12, №13, №14, №15 және №16 бекеттері бағытында басталды. Сан түрлі ұлт өкілдерінен құралған құрылысшылардың тынымсыз еңбегі арқасында 1968 жылдың қазан айында Атырау–Астрахан теміржолы уақытша пайдалануға берілді. Бұл тарихи сәт аудан аумағынан алғаш рет мұнай тиелген эшелондардың өтуімен есте қалды. Атыраудан шыққан жүк пойыздары Волгоград мұнай өңдеу зауытына тікелей жол тартты.
Теміржол желісі толық іске қосылып, 1969 жылдың 1 желтоқсанында Атырау стансасынан Астрахан бағытындағы алғашқы жолаушылар пойызы сапарға аттанды. Ұзындығы 333 шақырымды құрайтын бұл жол – қос ел арасындағы байланыс пен қатынасты нығайтудың нақты қадамы болды.

Осы кезеңде Аққыстау стансасы құрылып, 1971 жылы толықтай пайдалануға берілді. 3-санатты станса алғаш ашылған кезде онда 5 кезекші, 5 пойыз құрастырушы, 4 көмекші, 4 жүк қабылдап-тапсырушы, 2 жүк кассирі, 4 билет кассирі және 5 станция кезекшісінің көмекшісі, 4 вокзал кезекшісі қызмет еткен. Бұл көрсеткіштер – теміржол инфрақұрылымының қаншалықты ауқымды түрде дамығанының дәлелі.

Теміржол құрылысы тек жолау-шылар мен жүк тасымалын ғана қамтамасыз етіп қоймай, мұнай саласының да дамуына әсер етті. Мартыши кен орнынан алынған мұнай арнайы эстакада арқылы тәулігіне екі рет (әр маршрутта 54 вагон-цистерна) зауыттарға жөнелтіліп отырды. Бұл үрдіс 1979 жылға дейін, Қазақстан Теміржолы (КТЖ) ашылғанға дейін үздіксіз жалғасты.

Аққыстау станциясын 2012 жылдан бері басқарып келе жатқан Гүлнәр Жағыпарқызы Атырау теміржол техникумы мен Ақтөбе теміржол институтының қозғалысты ұйымдастыру мамандығы бойынша білім алып, Нарын, Исатай, Үстірт, Құлсары станцияларында түрлі қызметтер атқарған тәжірибелі маман. Оның басқаруындағы ұжымда жол дистанциясының жұмысшылары, ШЧ-8 байланыс дистанциясының мамандары, ВЧД-1 вагон қараушылары, ЭЧ-4 электромонтерлері өз саласы бойынша мүлтіксіз жұмыс атқарып жатыр.

Иә, оның айтуынша, 2025 жылы Аққыстау станциясындағы жолаушылар вокзалы толықтай жаңғыртылып, заманауи үлгіде қайта салынбақ. Ал бүгінде станция арқылы Атырау-Астрахань, Душанбе-Мәскеу, Саратов-Волгоград бағытындағы жолаушылар пойыздары және 14 транзиттік жүк пойызы өтеді. Ауысыммен жұмыс істейтін 24 қызметкер станцияның жүк түсіру көлемін жоспардан артығымен орындап келеді.

«Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес  Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы тас жол Аққыстау станциясының үстімен өтетіндіктен, жол құрылысына қажетті жүктер де осы аралық арқылы жеткізіліп отыр.

–    Теміржол – тәртіп пен тиянақтылықты талап ететін сала. жол жөндеу, байланыс және электрмен жабдықтау дистанцияларында 80-ге жуық маман өз міндетін жауапкершілікпен атқарып жүр. Аққыстау станциясы – осы талаптар аясында жұмыс істеп, Исатай ауданының дамуына нақты үлес қосып отырған нысан. Бұл – тек бүгінгі емес, болашақ ұрпақ үшін де маңызды еңбек,-дейді ол. 
Былтырғы жылы теміржол саласына маңызы зор күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  ауданымыздың маңындағы шойын жол толық жаңарғанын да атап өтті. Өйткені ағаш шпалдардың орнына заманауи бетон шпалдар төселіп, жөндеу жұмыстары кезінде теміржолшылардың жанкешті еңбегі ерекше көзге түскенін атап өткіміз келеді. Гүлнәр Жағыпарқызы 1991 жылдан бері жол шебері (жол бапкері) болып қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі маман Жасұлан Амировтың есімін айрықша атап өтті. Өйткені жөндеу жұмыстарының басы-қасында жүріп, жылдар бойғы кәсіби шеберлігін, маңдай терін аямай, теміржолдың сапалы әрі қауіпсіз болуына зор үлес қосты дейді өз сөзінде.

Сонымен қатар ауданның теміржол инфрақұрылымын электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған ЭЧ-4 бөлімшесінің де еңбегін қалыс қалдырған жоқ. Бұл бөлімше – электрмен жабдықтау желілері, байланыс пен сигнал беру жүйелері секілді стратегиялық маңызы бар салаларға жауап береді. Жүздеген шақырымға созылған теміржол желісінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған жандардың бірі, аталған құрылымды ұзақ жылдар бойы басқарып келе жатқан бөлімше басшысы Даурат Мырзашев. Ол өз ісіне деген адалдығымен, техникалық сауаттылығымен және кәсібіне деген сүйіспеншілігімен ерекшеленетінін тілге тиек етті.

Теміржол – тек көлік қатынасы емес, бұл – өмір ағысын реттейтін, елдің ілгері басуын қамтамасыз ететін маңызды сала. Ал Аққыстау станциясы Исатай ауданының экономикалық өсіміндегі сенімді тірек екені сөзсіз.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ
Исатай ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT