Көне ғимараттар көше сиқын кетірмесін...

(0 Votes)

Аудан орталығы Аққыстау ауылдық округінің әр көшесі, әр ғимараты аудан ажары  болмақ. Алайда уақыттың тоздырғаны бар, иесіз қалғаны бар бүгінде ауыл ішінен сәнін жоғалтқан, сұрықсыз күйге түскен ғимараттар да жоқ емес. Іргетасы шөгіп, қабырғасы жарылған, терезесі үңірейген нысандар – ауылдың сәулеттік болмысына ғана емес, тұрғындардың көңіл күйіне де сызат түсіретіні жасырын емес.

Қаңырап бос қалған мұндай ғимараттар қауіпсіздік тұрғысынан да алаңдатарлық. Балалардың ойынына, бұзақылардың бас сауғалауына айналған мекендер  кез келген сәтте қайғылы оқиғаға себеп болуы мүмкін. Сондықтан мұндай нысандарды анықтап, бұзу – уақыт талабына айналған мәселе. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Аққыстау ауылдық округінде осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынған. Ауылдың келбетін жаңарту, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ескі, тозығы жеткен ғимараттарды түгендеп, заңға сай бұзу ісі кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Бұл акция ластанған аумақтарды қалдықтардан тазарту, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу, халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру сынды бірқатар өзекті мәселелерді қамтиды. Бүгінде аталған бас-тама жалпыхалықтық эко-челленджге айналып, елдің барлық өңірінде кеңінен жүзеге асып келеді. Осыған байланысты ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Қуаныш Тахаев сұхбат барысында нақты мәліметтермен бөлісті.

–    Қуаныш Мәдиұлы, айтыңызшы, округ аумағында бұзуға жататын қанша нысан бар? Акция аясында жұмыс неден басталды?

–    Қабырғасы қақырап, терезесі үңірейіп бос қалған ғимараттар тек ескі нысан емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне, баланың амандығына, елдің еңсесіне тікелей қауіп төндіретін көлеңкелі мәселе.  Аудан орталығындағы әрбір көше, әрбір ғимарат сырттан келген жанға ауданның өзі туралы алғашқы әсер сыйлайды. Сондықтан біз үшін бұл мәселе – тек эстетикалық емес, стратегиялық та маңызға ие. Қазіргі таңда ауыл бойынша бұзуға жататын бірнеше нысан бар. Бұл ғимараттардың басым бөлігі – кезінде мемлекеттік мекемелер орналасқан, бүгінде иесіз қалған немесе жекешелендіріліп кеткен ескі құрылыстар. Олар сәулеттік талаптарға сай келмейді, кейбірінің іргетасы шөгіп, қабырғасы құлаған. Бұл нысандардың әрі қарай бос тұруы  қауіп төндіріп қана қоймай, ауылдың көркіне де кері әсерін тигізеді. Атап айтқанда, бірінші кезекте тұрған нысан – Мұнайшы көшесінде орналасқан бұрынғы ауылдық кітапхана ғимараты. Бұл ғимарат жекешелендірілген. Ішіндегі бөлмелерге қазіргі таңда 13 тұрғын қоныстанып алған. Ғимараттың қазіргі жағдайы архитектуралық, санитарлық талаптарға мүлде сай емес. Алайда тұрғындар бар болғандықтан, оны бірден бұза алмаймыз. Қазіргі уақытта аудандық комиссия құрылып, бұл тұрғындарға баспана тауып беру немесе өтемақы төлеу жолдары қарастырылып жатыр. Бұл мәселені тек заң аясында шешуіміз қажет. Ал екінші нысан – Ынтымақ көшесінде орналасқан, кезінде ауыл шаруашылығы басқармасы, кейін аудандық аурухана ретінде пайдаланылған  бір қабатты ғимарат. Бұл да жекешелендірілген. Ішінде 13 бөлме бар. Кейбір тұрғындар көшіп кеткен, қалғандары басқа тұрғын үй сатып алып, қоныс аударған. Алайда ғимараттың құқықтық мәртебесі мен тұрғын жай ретіндегі жағдайы әлі толық реттелмеген. Осыған байланысты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына сұраныс жолданып, арнайы зерделеу актісін алу жоспарланып отыр. Бұл құжатсыз біз бұзу шарасын заңды түрде жүзеге асыра алмаймыз.Үшінші нысан – Аққыстау ауылындағы «Жайықмұнайгаз» мекемесі кезінде салып берген монша ғимараты. Бұл да жекешеленіп кеткен. Иесіне екі рет учаскелік полиция инспекторлары арқылы ескерту берілді. Енді үшінші мәрте әкімшілік шара қолдану жоспарланып отыр. Одан кейін заң талаптарына сәйкес, бұл ғимаратты иесі өзі бұзуы тиіс.Төртінші – бұрынғы жүн түтетін қойма. Бұл нысан бұзылды. Қазіргі таңда оның орны тазартылып, құрылыс қалдықтары шығарылуда.Бесінші – Ынтымақ көшесі, 28-үйдің іргесінде орналасқан бұрынғы «ХРСУ» жатақханасы. Бұл да жекеменшік нысан, екі қабатты, ішінде  тұрғындар әлі де тұрып жатыр. Бұл ғимаратқа қатысты да зерделеу жұмыстары жүріп жатыр, мәселе заң шеңберінде шешілуі тиіс.Жалпы, біз тізімге енгізілген бес негізгі нысанның біреуін бұздық, екеуі бұзуға дайын тұр, қалған екеуі құқықтық және әлеуметтік себептерге байланысты күту режимінде.Бұдан бөлек, Қажығали Мамеков көшесіндегі бұрынғы аудандық аурухана ғимараты толығымен бұзылып, орны тегістелді. Ескі военкомат ғимараты бұзылып, қазіргі таңда оның орнында балаларға арналған ойын алаңы салынды. Сондай-ақ бұзылған Абай мектебінің орнына ардагерлер саябағы бой көтеретін болады. Бұл жоба бойынша тиісті тендер ұйымдастырылып, жеңімпаз мердігер анықталды. Қ.Мамеков көшесіндегі тағы бір нысан – бұрынғы жатақхана. Бұл жерде тұрған 14 адам толықтай көшірілді. Қазіргі таңда ол нысан округ балансына алынып, бос тұр. Алдағы уақытта ол бойынша да нақты шешім қабылданады. Яғни, біз бұл бағыттағы жұмысты тек экологиялық немесе эстетикалық тұрғыда емес, ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі мен ауыл келбетінің тазалығын сақтау мақсатында жүргізіп отырмыз. Барлығы заң аясында, кезең-кезеңімен шешіледі.

– Ал қараусыз қалған ғимараттарды бұзу жөніндегі шешімді қабылдауда қандай негізгі талаптар мен критерийлерге сүйенесіздер?

– Ең алдымен, әрбір нысанға қатысты нақты техникалық сараптама жүргізіледі. Бұл – міндетті талап. Егер ғимараттың тозығы жетіп, апатты жағдайда екені анықталып, күрделі жөндеуге мүлде келмейтіндігі дәлелденсе, арнайы сараптамалық қорытынды негізінде ғана бұзу туралы шешім қабылданады. Қысқасы, бір де бір нысан субъективті бағамен немесе көзбен шамалап бұзылмайды. Барлығы тиісті инстанциялар арқылы, заң талаптарына сәйкес, құжаттық негізбен жүзеге асады. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігімен қатар, меншік құқығына да құрметпен қараудың жолы.

 

– Құжат жүзінде тіркелген, бірақ қараусыз қалған ғимараттарға қатысты қандай шаралар қолданылып жатыр? Иелері анықталған жағдайда олармен қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Қараусыз қалған ғимараттардың дені жекешеленіп кеткен, меншік иесі бар, алайда ұзақ уақыт бойы күтім көрмеген, пайдаланылмай бос тұрған нысандар. Мұндай жағдайда біз ең алдымен иесіне ресми түрде ескерту береміз. Бұл жұмыс учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүргізіледі. Егер бірінші ескертуге жауап болмаса, заңға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданады. Ал меншік иесі мүлде байланысқа шықпаса немесе нақты анықталмаса, нысанды иесіз мүлік ретінде тіркеу процедурасы басталады. Бұл – бірнеше кезеңнен тұратын, заң аясында ғана жүргізілетін күрделі рәсім. Кей жағдайларда бұл нысандар қоғамдық қауіпсіздікке де қатер төндіріп отыр. Мәселен, кейбір бос ғимараттарда балалар ойнап, ересектер ішімдік ішіп, тіпті өрт шыққан деректер тіркелген. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін тиісті органдарға жедел хабарланып, қауіпсіздік шаралары қолға алынады. Алайда мұндай мәселелерді біржақты әрі жылдам шешу мүмкін емес. Барлығы заңмен реттеледі. «Таза Қазақстан» акциясы аясында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Басты мақсат – ауыл аумағындағы әрбір нысанның жай-күйін заңды тұрғыда реттеп, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі таза орта қалыптастыру.

 

– Бұзу жұмыстары кезінде пайда болған құрылыс қалдықтары қайда жіберіліп жатыр? Бұл қалдықтарды кәдеге жаратуға мүмкіндік бар ма?

– Ғимараттарды бұзу жұмыстары мемлекеттік сатып алу арқылы анықталған мердігер мекемелер арқылы жүзеге асырылады. Әрбір мердігер мекеме бұзылған нысандардан қалған құрылыс қалдықтарының (ағаш, темір, шифер секілді материалдардың) қайда жіберілетінін өз жоспарында көрсетеді. Егер олар бұл қалдықтарды өз қажетіне жаратпайтынын, кәдеге аспайтынын мәлімдесе, біз сол материалдарды алдын ала өтініш берген тұрғындарға беруге мүмкіндік жасаймыз. Ауыл тұрғындарының тарапынан бұл қалдықтарға сұраныс бар. Көбісі оны мал қорасы, шарбақ, қосалқы құрылыс салуға пайдаланады. Сондықтан біз мердігерлермен келісіп, бұл материалдарды жай ғана қоқысқа тастамай, тұрғындардың қажетіне жаратуға бағыттаймыз. Бұл – тек қалдықты шығарып тастау емес, оны екінші рет қолдану арқылы пайдаға жарату, қоршаған ортаға зиянды азайту жолы. Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясы аясында тек тазалық емес, ұқыптылық пен үнемділік те қатар жүргізіліп отыр.

– Аталған үдеріс кезінде халықтың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілуде? Тұрғындар тарапынан наразылықтар немесе өтініштер болды ма? Айыппұл салу немесе ескерту беру сияқты нақты қандай механизмдер бар?

– Иә, әрине, қауіпсіздік – басты назарда. Қараусыз қалған ғимараттардың тек сыртқы көрінісі ғана емес, ел ішіндегі тыныштық пен тұрғындардың алаңсыз өмірі үшін де елеулі қатер төндіретінін түсінеміз. Мысалы, Ынтымақ көшесіндегі бұрынғы жатақхананың ішінде ешкім тұрмайды, алайда есігі мен терезесі сынған, өрт шығу қаупі жоғары. Мұндай жағдай тұрғындар тарапынан жиі наразылық тудырып отыр. Балалардың сол маңда ойнауы, жасөспірімдердің тәртіпсіз жиналуы – тұрғындар үшін де, әкімдік үшін де алаңдатарлық мәселе. Бірақ бұл нысан жекеменшікке өткендіктен, біз оны бірден бұза алмаймыз. Барлық шешім тек заң шеңберінде қабылданады. Алдымен меншік құқығын анықтап, рәсімдік-құқықтық процедураларды аяқтау қажет.Осындай жағдайларда нақты механизмдер бар. Мысалы, монша ғимаратының иесіне екі мәрте жазбаша ескерту берілді. Әр ескертуден кейін иесіне бір ай уақыт беріледі. Егер ол аралықта ешқандай әрекет жасалмаса, үшінші рет учаскелік полицияның қатысуымен әкімшілік шара қолданылады – яғни, айыппұл салынады. Бұл – заңда нақты көрсетілген тәртіп. Әкімдік тек ресми, заң аясында жұмыс жүргізеді. Тұрғындардың амандығы мен тыныштығы үшін әрбір мәселе кезең-кезеңімен, мұқият сараланып шешіледі. «Таза Қазақстан» аясындағы әрбір жұмыс тек санитарлық тазалық емес, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің де маңызды бөлігі.

–    Уақытыңызды бөліп, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қолға алынған маңызды жұмыстар жөнінде ашық ақпарат беріп, нақты мәліметтермен бөліскеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Қараусыз қалған ғимараттарды анықтап, заң шеңберінде бұзу – ауылдың келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы кешенді әрі жауапты міндет екені анық. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны қуантады. Сұхбат арқылы көтерілген мәселелерге тұрғындар да бейжай қарамай, ортақ жауапкершілікті сезінеді деген сенімдеміз.

 

Камилла  ҚҰРМАНҒАЗИЕВА
Исатай ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT