Өңірде жыл соңына дейін жалпы құны – 88 млрд 4 млн теңгені құрайтын 17 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.
Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Полымбет Хасанов баспасөз брифингінде мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Қазіргі уақытта аймақтың экономикасына тікелей шетел инвестициясын тарту және инвестахуалын жақсарту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.Биыл осындай 17 инвестжобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде, жүк вагондарын шығаратын зауыт «ТексолТранс» ЖШС мен «Infinity Mall» сауда ойын-сауық орталығы өз жұмысын бастады. Қалғаны жыл аяғына дейін іске асырылады деп күтілуде, - деді П.Хасанов.
Жүк вагондарын құрастыру зауыты жобасының құны – 75 млрд теңгені құрайды. Онда 180 адам жұмыс орнымен қамтылған. Ал «InfinityMALL» сауда ойын-сауық орталығы дүниежүзілік және қазақстандық брендтік сауда белгісі бар киім-кешек, сондай-ақ басқа да тауарлар сататын 100 дана сауда орнымен қамтылған.
Орталықта сегіз залдан тұратын кинотеатр, балалар ойын-сауық кешені және тамақтанатын орындар бар.
Басқарма басшысының айтуынша, барлық жоба іске қосылған соң, 750-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл аймақтағы кадр мәселесін оңтайлы шешуге ықпал етеді.