Жыл қорытындысы: Қызылқоғада құрылыс қарқын алды

Жыл қорытындысы: Қызылқоғада құрылыс қарқын алды
(0 Votes)

2024 жыл аудандағы инфрақұрылым мен әлеуметтік жобалар үшін ерекше жыл болды. Құрылыс саласында атқарылған жұмыстар ауданымыздың дамуына тың серпін беріп, ел игілігіне бағытталған жаңа нысандармен толықты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі аудандық әкімдікке сілтеме жасап. 

Спорт: салауатты өмір салтын дамытуға басымдық

Биыл 6 спорт кешенінің құрылысы қолға алынды. Оның ішінде 2 кешен пайдалануға беріліп, тұрғындардың игілігіне ұсынылды. Қалған 4 кешеннің құрылысы келесі жылы аяқталады. Ал, Жангелдин ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысының мердігері айқындалды, құрылысы басталуда.

Сонымен қатар, спорт алаңдарын салу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. 8 ауылда 11 спорт алаңының құрылысы жүргізілуде. Қарабау, Қаракөл, Қоныстану және Тайсойған ауылдарындағы спорт алаңдары толық аяқталды. Ал, Миялы, Сағыз және Тасшағыл ауылдарындағы алаңдары 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Тұрғын үй: әлеуметтік көмек көрсетуде жаңа қадам

Әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау мақсатында биыл аудан бойынша 80 пәтер сатып алынды. Бұл үйлер аз қамтылған және мұқтаж жандарға берілмек. Осы бастаманың арқасында көптеген отбасы баспана мәселесін шешіп, жаңа өмірге қадам басады.

Әкімшілік ғимараттар мен маңызды жобалар

Биыл Тасшағыл ауылындағы әкімшілік ғимараты қайта жаңғыртылды. Сағыз ауылындағы жаңа әкімшілік ғимараттың құрылысы 2025 жылы аяқталады.

Сонымен қатар Миялы, Сағыз және Мұқыр ауылдарындағы буландыру алаңдарының жобалары дайындалды. Жангелдин ауылында 300 орындық мәдениет үйін салу жобасы сараптамадан өтуде, ал Миялы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының ЖСҚ-сы 2025 жылы аяқталады.

Табиғат қауіпсіздігі: маңызды бастамалар қолға алынуда Табиғат жағдайларын ескеріп, ауданымызда 9 ауылдық округте тасқын судан қорғау бөгеттерін салуға жоба-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бұл тек бүгінгі қауіпсіздік үшін емес, болашақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.

Құрылыс: Болашаққа сенімді қадам

2024 жылы 7 жоба сараптамадан оң қорытынды алып, 4 жоба бойынша сараптама жұмыстары жалғасуда. Қалған 12 жоба-сметалық құжаттама 2025 жылы дайын болады.

"Әрбір аяқталған нысан – ауданымыздың дамуына қосылған үлес. Алда әлі де маңызды жұмыстар күтіп тұр. Біз бұл жобалардың бәрін уақытылы аяқтап, ел игілігіне беруді мақсат етіп отырмыз. Құрметті тұрғындар, сіздердің қолдауларыңыз бен сенімдеріңіз бізге үлкен күш береді. Ауданымызды бірге көркейтіп, әрбір нысанның халыққа қызмет етуін қамтамасыз ету үшін жұмысты жалғастырамыз" дейді аудан әкімдігіндегі мамандар.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT