Жыл қорытындысы: Жол қозғалысындағы өзгерістерді білесіз бе?

(0 Votes)

Биылғы қазан айында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және жол қозғалысы ережелеріне елеулі өзгерістер енгізілді. Енді Қазақстанда халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салынады.

 Жол қозғалысындағы өзгерістер қандай?

– Жаңашылдықтарға сәйкес, жолдардың түзу учаскелерінде жылдамдықты шектен тыс асырған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл мөлшері 5-тен 40 АЕК-ке дейін, яғни жылдамдықты арттыру дәрежесіне қарай 18 460 теңгеден 147 680 теңгеге дейін, — деп түсіндірді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Оның айтуынша, жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан асырғаны үшін 40 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Өзгерістер жүргізуші куәлігінсіз көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған адамдарға да қатысты.

– Мұндай адамдар жеті жыл бойына көлік жүргізу емтиханынан өте алмайды. Осыған ұқсас ережелер медициналық тексеруден өтуден бас тартқандарға да қолданылады. Сондай-ақ жол жөндеу жұмыстарын бірнеше рет бұзғаны үшін жол жұмысшыларының жауапкершілігі күшейтілді. Мұндай бұзушылықтар үшін айыппұлдар кәсіпкерлік субъектісіне байланысты 15-тен 40 АЕК-ке дейін болуы мүмкін, — деді ол.

Тек жүрген – тоқ жүреді

Жыл басынан бастап жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға салынатын айыппұл көлік жүргізушілердің қалтасын қағайын деп тұр. «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 2025 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңге (2024 жылғы 1 АЕК – 3 692 теңге). Демек, айыппұлдардың да көлемі ұлғаяды.

Ендеше, 1 қаңтардан бастап құқық бұзып, айыппұл арқалағандар қанша теңге төлейтінін бірге есептеп көрелік.

Рәміздерді қорлауға болмайды!

Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өзгерістер енгізіліп отыр. Соның нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке өсті.

Келімсектер де заң білуі керек

2024 жылғы заңнамаға сәйкес, ел аумағында заңсыз жүріп-тұру және құжатсыз жүргені үшін айыппұл салынады немесе елден шығару шаралары қолданылады. Заңсыз көші-қон ұйымдастырғандар 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тартылады. Бұл шаралар елдегі көші-қон саясатын реттеу және шетел азаматтарының құқықтық мәртебесін қорғауды күшейту үшін енгізілген.

Қоқыс қалдырсаңыз…

Пәтерге кіреберістегі есігінің қасына қоқыс салынған пакетті қалдырғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес, «Абаттандыру қағидаларын бұзғаны» үшін 20 АЕК айыппұл салынады. Бұл әрекетті тұрғын бір жыл ішінде қайталап жасаса, онда 30 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр.

20 АЕК – 78 640 теңгеге тең болса, 30 АЕК – 117 960 теңге.

Тыныштықты сақтаңыз!

Елімізде заң бойынша кешкі сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 5 АЕК (19 660 теңге), бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл салынады.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге 20 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін (78 640-589 800 теңге) айыппұл қарастырылған.

Түкіру – жаман қылық

Қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін құқық бұзған адамға бірінші рет 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады. Ал тұрғын осы әрекетін қайталаса, онда 10 АЕК, яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Белбеу үшін жауапкершілік бар

Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны, қауіпсіздік белбеуін тақпаны және көлік жүргізіп бара жатқанда телефон пайдаланғаны үшін жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады.

Құжатың бар ма, көлік жүргізушісі?

Жүргізу құқығы жоқ жүргізуші көлікті басқарғаны үшін 78 640 теңгені қалтасынан шығарады. Көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, оларға 50 АЕК, яғни 196 600 теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады.

Автобуста жолақы төлемеу

Қала және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлемегендерге 2 АЕК, яғни 7 864 теңге айыппұл салынады.

Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл төлейді.

Балаңыз бақылауда болсын

Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде жүрсе, олардың ата-анасына 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе, онда заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер осы әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, онда баланың заңды өкілдеріне 27 524 теңге (7 АЕК) айыппұл салынады.

Ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде (39 320 және 393 200 теңге) айыппұл салу көзделген.

Жолды кесіп өту

Жаяу жүргіншілер жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны үшін (кез-келген жерден өтсе және т.б.) 2 АЕК (7 864 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін айыппұл 10 АЕК-ке (39 320 теңге) дейін өседі.

Жылдамдықты асыру

Көлік жылдамдығын асырғаны үшін:

– сағатына 10-20 шақырымға асырғаны үшін айыппұл 5 АЕК (19 660 теңге).

– сағатына 20-40 шақырымға асырғаны үшін 10 АЕК (39 320 теңге).

– сағатына 40 шақырымнан асырғаны үшін айыппұл 20 АЕК (78 640 теңге).

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде жылдамдықты қайталағаны үшін 30 АЕК (117 960 теңге) айыппұл қарастырылған.

Аңдамай сөйлеген…

Былтыр заңға қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға 20 АЕК немесе 30 тәулікке қамауға алынатыны туралы өзгеріс енгізілгені белгілі. Демек, 2025 жылы аңдамай сөйлеп, біреуді балағаттасаңыз – 78 640 теңгені төлеуге тура келеді. Сондай-ақ бұрынғыдай әңгіме арасында жаттанды боқтық сөздерді айтуға да болмайды. Әйтпесе, отбасында балағат сөз айтқаны үшін ескерту немесе 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал мұғалімге немесе дәрігерге қарсы бейәдеп сөз айтқан адамға 39 320 теңге көлемінде айыппұл салу қарастырылған.

Көрінеу жала жапқан адамға – 629 120 теңге, көрінеу жалған жарнама таратқандарға – 393 200-ден 3 932 000 теңгеге дейін айыппұл салынады. Егер осындай жалған ақпаратты блогерлер тарататын болса, олар 30-дан 100 АЕК-ке дейін немесе 117 960 теңгеден 393 200 теңгеге дейін айыппұл төлейді.

ТҮЙІН.

Жыл басында әлеуметтік төлемдердің көлемі артқанымен, соған сәйкес айыппұлдың да өскені халық арасында түрлі пікір туғызуда. Әсіресе көлік жүргізушілері «айыппұлдардың көбеюі жол-көлік оқиғаларының азаюына еш әсер етпейді» деп есептейді. Ал заңгер Рысты Қалиева «соңғы кездері қара жолда қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Сол тұрғыдан қарағанда мұндай айыппұлдар темір тұлпар тізгіндегендерге сәл де болса тоқтау болуы мүмкін…» деген пікірімен бөлісті.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT