ЖҰМЫСТЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ, ЖӨНІН БІЛСЕ...

ЖҰМЫСТЫҢ ЖАМАНЫ ЖОҚ, ЖӨНІН БІЛСЕ...
(0 Votes)

Жұмысшы мамандықтар жылы еңбек нарығындағы сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды дамытуға, жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға ынталандыруға, сондай-ақ жұмысшы кадрлардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысы бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып: «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажет. Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқорлық пен нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз»,-деген болатын. Яғни, қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік жоғары бағалануы тиіс. Сонымен қатар қарапайым еңбек адамдарының жетістіктерін дәріптеу өзекті мәселеге айналды. Себебі жұмысшы мамандығынан бастау алып, бүгінде мемлекеттік қызметтің биігіне көтерілген жастар аз емес.

Қарапайым мамандықтан – мемлекеттік қызметке

Бұл – табандылық, еңбекқорлық, ыждағаттылық пен біліктіліктің жемісі. Оған дәлел ретінде Аққыстау ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуаныш Тахаевтың еңбек жолын айтуға болады. Ол әртүрлі салаларда қызмет етіп, еңбек жолын Жастар практикасымен аудандық полиция бөлімінде тергеу қызметінде жұмысшы боп бастаған.

– Қаншама еңбек адамдары, танымал тұлғалар мен әкімдер өз еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастайды. Мен де халықтың арасында жүргендіктен, қарапайым болуды мақсат етіп, осыны өзіме үлгі етемін. Қызмет жолында ең төменгі сатыдан бастап, барлық кезеңдерден өтуді қаладым. Осы ұстанымым мені дұрыс жолға жетелеп келеді,-дейді кейіпкеріміз Қуаныш Тахаев.

Оның негізгі мамандығы – құқықтану. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы мамандығы бойынша аудандық полиция бөлімінде бастаған. Ол мұны ешқашан қиындық немесе кедергі деп санамаған.

– Қазіргі жастардың көбісі бірден жоғары қызметтен бастауға, табысы жоғары жұмысты таңдауға ұмтылады. Алайда бұл дұрыс емес. Қарапайым жұмысшы ретінде еңбекке араласу – тек тәжірибе жинақтауға емес, маңдай термен тапқан нанның қадірін түсінуге, еңбекке деген құрметті арттыруға да үйретеді. Өмірде екі басты сұрақ бар: «Кім?» және «Не істеді?» деген. Осы сұрақтарға әркім өз еңбегімен лайықты жауап бере алса екен деймін,-дейді ол. Ал, 2023 жылдан бастап Қуаныш Тахаев Аққыстау ауылдық округі әкімінің орынбасары ретінде мемлекеттік қызметке білек сыбана кірісіп, халыққа қызмет етуді басты міндеті санап келеді. Оның айтуынша, елге қолайлы жағдай жасап, халықтың сенімін ақтау – үлкен жауапкершілік.

 «Елге қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ең бірінші қай-қай адамға да мінез керек. Мінездің ар жағында көп нәрсе бар. Қоғамның қажеттілігін өтейтін ұлтжанды, отансүйгіш азаматтардың атқаруымен жүзеге асатын қызмет. Сондықтан әрбір қызметкердің бойынан ұқыптылық, әділдік, адамгершілік, кәсіби білім мен жаңашылдық табылуы тиіс. Әсіресе өзіне деген құрмет, жұмысына деген махаббат пен халқына деген сүйіспеншілік – ең бірінші қажеттілік десе де болады.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT