Табандылық пен еңбекқорлық жолын таңдаған жастардың бірі – Тұщықұдық ауылының тұрғыны Арсен Смайлов. Ол еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастап, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан. Арсен Рүстемұлы Атырау энергетика және құрылыс колледжінде «дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша білім алған. Өзінің айтуынша, 2021 жылы Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін, «Тоныкок-Құрылыс» ЖШС-інде алты айға жуық арматуршы-темірбетоншы болып жұмыс істеген.
– Араға уақыт салып, 2021-2023 жылдары кәсіпкерлік саласында да өзімді сынап көрдім. Халықаралық тасымалдау бағыты бойынша Ресей мен Қалмақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде жем мен көкөніс тасымалдау бизнесін қолға алдым. Алайда түрлі тосқауылдар мен қиындықтарға тап болып, бұл саланың менікі емес екенін түсіндім,-дейді Арсен Смайлов.
2023 жылы ол аудандық Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығына қоғамдық жұмыс аясында жұмысшы маман ретінде қабылданды. Бұл орта оған жаңа қырынан танылуға мүмкіндік берді.
– Жұмысқа деген жауапкершілігімді, іске мығымдығымды байқаған басшыларым мені тұрақты жас маман ретінде қызметке алды. Содан бері жастар саясаты саласында түрлі бағытта жұмыс атқарып келеміз. Замандастарыма айтарым – тәуекелден қорықпау керек, жұмыстың ешқайсысынан қашпау қажет. Қазақта «Екі қолға бір күрек табылады» деген сөз бар, барлық бастама қарапайым еңбек етуден басталады,-дейді жас маман.
Осылайша ол жастығына қарамастан, өзін әртүрлі салада сынап көріп, жетістікке жетуден еш тайсалмаған.
Қазіргі таңда Арсен Рүстемұлы аудандық Жастар ресурстық орталығында қызмет атқарып, жастардың белсенділігін арттыруға үлес қосып келеді. Ол аудан бойынша 5 мектептің оқушыларынан құралған, құрамында 50-ге жуық мүшесі бар «ECOvolunteer» еріктілер клубын құрып, жетекшілік етуде. Бұл бастама еріктілік қозғалысын дамытып, аудан тұрғындарына, соның ішінде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қолдау көрсетіп жүрген жастардың жаңа буынын қалыптастыруға септігін тигізді.
– Халық алдында абыроймен, адал еңбек еткенде ғана дамудың тек экономикалық емес, адами тұрғыдан да ілгерілейтінін түсінеміз. Әрбір қарапайым қызметкер осы қағиданы саналы түрде ұғынғанда ғана халықтың сенімі артады. Ал сенім бар жерде ашықтық болады. Сондықтан туған өлкеміздің әділетті өсіп-өркендеуі үшін патриоттық сезіммен, барымызды аямай, адал қызмет ету – бәріміздің ортақ міндетіміз,-дейді ол.
Міне, біздің кейіпкерлеріміз еңбек жолын қарапайым жұмысшы мамандығынан бастап, табандылық пен тынымсыз еңбектің арқасында биікке көтерілген азаматтар. Олардың өмірлік тәжірибесі мен ұстанымы – кез келген жетістіктің бастауы қарапайым еңбекте жатқанын дәлелдейді. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында осындай еңбекқор азаматтардың жолын дәріптеу – жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға ынталандырып, еңбекке деген құрметті арттырары сөзсіз. Себебі нағыз табыс маңдай термен, қажырлы еңбектің нәтижесінде ғана келеді.
Сағыныш ҚАЙЫР