МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЖАРИЯЛАҒАН «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» АЯСЫНДА ЕЛІМІЗДЕ АЗАМАТТАРДЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ, ОЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕУІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ҚАРҚЫН АЛДЫ. БҰЛ ҚАДАҒАЛАУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСЫМ МІНДЕТТЕРІНІҢ БІРІ БОЛЫП ҚАЛА БЕРМЕК.
МІНДЕТТІ САҚТАНДЫРУ – ӘР ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Жұмыс берушінің ең басты жауапкершілігінің бірі – қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті түрде сақтандыру. Бұл тек заң талабы ғана емес, адамның өмірі мен денсаулығын қорғаудың нақты кепілі. Дегенмен, Махамбет ауданы бойынша жүргізілген тексерістер барысында 30-ға жуық мекемеде, оның ішінде жеке кәсіпкерлік нысандар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартының мүлдем жасалмағаны анықталды.
ҚР Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 15-тармақшасында: «Жұмыс беруші жұмыскер қызметтік міндеттерін атқару кезінде оны жазатайым оқиғадан сақтандыру шартын жасауға міндетті» деп нақты көрсетілген. Сондай-ақ Еңбек кодексінің 82-бабы 2-тармағының 14-тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші сақтандыру шартын жасағаннан кейін бұл туралы жергілікті уәкілетті органға – Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне ақпарат жолдауы тиіс.
Талап орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделген. Мысалы, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 160 АЕК, орта кәсіп иелеріне – 400 АЕК, ірі кәсіп иелеріне 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бүгінде аудан көлемінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кәсіп иелеріне заң талаптары толық жеткізілуде.
БІРЫҢҒАЙ ЖҮЙЕ ЕНГІЗІЛУДЕ
Мемлекеттік және коммуналдық мекемелерде, яғни квазисектор ұйымдарында жұмысшылар еңбек шарттарымен жұмыс істесе, жұмыс беруші міндетті түрде жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасауы керек.
Мемлекеттік еңбек инспекторы Самал Убегалиева еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінің артықшылықтарын атап өтті. Бұл жүйе жұмыс берушілерге қызметкердің бұрынғы еңбек өтілі, атқарған лауазымы, біліктілігі жайлы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Шартта қызметкердің ЖСН-і, аты- жөні, шарттың нөмірі мен мерзімі, қызмет орны, жұмыс уақытының режимі, әскери міндеттілігі және дағдылары секілді негізгі деректер көрсетіледі. Басқа артық мәліметтер бұл жүйеге енгізілмейді.
« Еңбек шарттарын бірыңғай жүйеге енгізу еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етеді , артық қағазбастылықтан арылтады және жұмыс берушіге қызметкердің білімі, еңбек өтілі мен дағдылары туралы толық мәлімет береді. Облыста барлық кәсіпорындар мен ұйымдар өз қызметкерлерінің еңбек шартта¬рын жүйеге жедел тіркеуі қажет», – деді Самал Убегалиева.
ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
Мемлекеттік еңбек инспекторы Бекзат Салық негізгі міндеттерінің бірі – жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек дауларын реттеу екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда арыз-шағымдардың біразы зейнет жасына жеткен азаматтардан түседі. Еңбек кодексінің 52-бабына сәйкес, зейнет жасына толған қызметкермен арадағы еңбек шарты тоқтатылған жағдайда жұмыс беруші оған біржолғы өтемақы төлеуге міндетті. Ал шартты зейнет жасынан кейін де ұзартса, өтемақы төленбейді.
Бос жұмыс орындарына қатысты да нақты талап бар: егер мекемеде бос орын пайда болса, жұмыс беруші бұл ақпаратты Enbek.kz сайтына бес жұмыс күні ішінде жариялауы тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ еңбек демалысының ақысы уақытылы төленбеуі жиі кездеседі. Кестеге сәйкес демалысқа шыққанда, еңбек демалысының ақысы үш күн бұрын аударылуы керек. Егер күтпеген жағдайда демалысқа шықса, қаражат үш күннен кешіктірмей төленуі тиіс.
ЕҢБЕК ШАРТЫН БҰЗУ ЖӘНЕ ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕУ
Қазақстан заңнамасына сәйкес еңбек шарты белгілі бір жағдайларда бұзылуы мүмкін. Әрбір жағдайдың өзіндік тәртібі мен талаптары бар. Еңбек шартының мерзімі аяқталған күн – шартта көрсетілген күн болып саналады. Егер қызметкер бұл күні еңбек демалысында немесе уақытша еңбекке жарамсыз болса, мерзім аяқталған күн оның жұмысқа шыққан алғашқы күні деп есептеледі. Тараптардың ешқайсысы шартты тоқтатуға ниет білдірмесе, ол автоматты түрде дәл сол мерзімге ұзартылған болып танылады.
Қызметкер өз еркімен еңбек шартын бұзуға құқылы. Бұл ретте ол жұмыс берушіні кемінде бір ай бұрын жазбаша түрде ескертуі тиіс. Сонымен қатар тараптардың келісімімен шарт көрсетілген мерзімінен бұрын да бұзылуы мүмкін.
Жұмыс беруші еңбек шартын мынадай жағдайларда бұза алады:
- Заңды тұлға таратылғанда немесе штат қысқарғанда. Мұндай жағдайда қызметкерді жұмыстан босатуға кемінде бір ай бұрын жазбаша ескерту қажет. Кәсіподақ мүшелерінің штат қысқаруы кезінде кәсіподақ органының дәлелді пікірі ескеріледі.
- Қызметкердің біліктілігі жеткіліксіз болғанда. Атқарып отырған лауазымына сәйкес келмейтіні туралы қорытынды аттестациялық комиссия шешіміне негізделуі тиіс.
- Денсаулық жағдайына байланысты. Бұл үшін медициналық тексеруден өтіп, тиісті денсаулық сақтау органының қорытындысы ұсынылады.
Бұл мәселеге қатысты Мемлекеттік еңбек инспекторы Бекзат Салық былай дейді:
– Еңбек шартын бұзу – екі тараптың да құқықтары мен міндеттерін қамтитын маңызды процесс. Жұмыс беруші де, қызметкер де заңда белгіленген мерзімдер мен рәсімдерді қатаң сақтауы тиіс. Әсіресе, штат қысқаруы немесе денсаулық жағдайына байланысты жұмыстан босату кезінде құжаттама толық әрі дұрыс рәсімделуі қажет. Бұл еңбек дауларының алдын алуға және қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еңбек шартын бұзу кезінде заң талаптарын сақтау – еңбек қатынастарындағы әділдік пен тұрақтылықтың кепілі.
ЕҢБЕК ШАРТЫ БОЛМАСА, КІМДЕР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ?
Қазақстанда бейресми жұмыс істейтін адамдар аз емес. Ондайда еңбек шарты жасалмайды, ал жалақы көп жағдайда «конверт¬пен» беріледі. Ол ақшадан салық та, зейнетақы мен сақтандыру жарналары да төленбейді. Бейресми жұмысшы әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған. Жұмыс беруші жалақыны кешіктіріп беруі мүмкін. Жұмысшылардың ақысын алмай кететін кездер де болады. Себебі ресми еңбек шарты жоқ. Еңбек шартының болмауына немесе тиісті түрде ресімделмегеніне жұмыс беруші кінәлі болса, ол заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады. Ондай жағдайда еңбек қатынастары қызметкер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындады деп есептеледі.
Жұмыс берушінің қызметкермен еңбек шартын рәсімдемей, жұмысқа жібергені үшін айыппұл салынады. Лауазымды тұлғаларға – 30 АЕК (110 760 теңге); шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК (221 520 теңге); орта бизнеске – 80 АЕК (295 360 теңге); ірі кәсіпкерлік нысандарға – 150 АЕК (553 800 теңге).
Ал жалақы келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуі шарт. Осы талапты бұзғаны үшін де айыппұл қарастырылған. Оның көлемі еңбек шартын рәсімдемей, жұмысқа жібергені үшін төленетін айыппұлмен бірдей. Бірақ орта биз-неске сәл көбірек шығын шығаруға тура келеді. Айыппұлдың көлемі – 100 АЕК (369 200 теңге).
Бұдан бөлек, заң бойынша еңбек шарты жұмыс берушінің кінәсінен жарамсыз деп танылса, бұрынғы жұмыскер еңбегіне ақы алу, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемін, өзге де төлемдер мен жеңілдіктер алу құқығынан айырылмайды. Сол сияқты еңбек шартының жекелеген талаптарының жарамсыз деп танылуы еңбек шартының тұтастай жарамсыздығына әкеп соқпайды.
БІРНЕШЕ ЖЕРДЕ ЖҰМЫС ІСТЕУ ЕРЕЖЕСІ
Жиында қойылған сұрақтардың бірі – ауыр отадан кейін жұмысқа қайта алу туралы болды. Инспектордың айтуынша, медициналық рұқсат болса, қызметке қайта алуға болады. Рұқсат болмаса, жеңіл жұмыс ұсыну керек. Егер қызметкер жеңіл жұмысқа келіспесе, еңбек шартын бұзу заңға сай.
– Сіз ол кісіні жұмыстан шығарып жібере алмайсыз. Отадан кейін көлік жүргізуге құқығы бар-жоғын растайтын дәрігердің рұқсатнамасын сұрату керексіз. Дәрігердің рұқсатнамасы «көлік жүргізуге жарамсыз» деп тұрса, онда жеңіл қызмет ұсыну керек. Ал қызметкер ол ұсыныстан бас тартса, еңбек шартын бұзу заңға қайшы болмайды,- деді еңбек инспекторы.
Жиында есепшілердің бірнеше мекемеде қатар жұмыс істеуі де талқыланды. Еңбек инспекторларының түсіндіруінше, қызметкер негізгі жұмысынан бөлек тек қосымша төрт сағат қана істей алады. Яғни, жалпы жұмыс уақыты 12 сағаттан аспауы тиіс. Бұл талап бұзылған жағдайда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры еңбек инспекциясына хабарлама жолдайды, кейін мәселе құқық қорғау органдарына жіберіледі.
Жиын соңында Самал Убегалиева міндетті сақтандыру шартын жасаспаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабы 2-тармағына сәйкес айыппұл салынып, заң талаптарын орындау міндеттелетінін еске салды. Ал қандай да бір сұрақ туындаған жағдайда жұмыс берушілер Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінен және Мемлекеттік аннуитеттік компанияның Атырау облысындағы филиалынан толық кеңес ала алады.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ