Ұстаз болғандықтан күнде балаларға тек білім ғана емес, өмірлік бағыт беруге де тырысамын. Сабақ барысында олар маған: «Қандай мамандық қадірлі?», «Қай мамандықты таңдасам болады?» деген сұрақтар жиі қояды. Сол кезде мен өзімнің жүрегіммен сеніп айтатын бір мамандық бар – ол жұмысшы мамандығы.
Жұмысшы — бұл жай ғана кәсіп емес, бұл — адалдық пен төзімділіктің, жауапкершілік пен шынайылықтың белгісі. Біз ғимаратта сабақ өткізіп отырсақ, сол ғимаратты бір жұмысшы тұрғызды. Біз электр қуатын пайдалансақ, оны қосқан да – жұмысшы. Яғни қоғамдағы кез - келген игілік, ең алдымен, солардың еңбегімен келеді.
Мектеп партасында отырған әр бала болашақта инженер, дәрігер, мұғалім, қаржыгер болғысы келеді. Бірақ мен олардың бойында қарапайым еңбекке, жұмысшы мамандықтарына деген құрмет оянғанын қалаймын. Себебі елдің нағыз байлығы — ел үшін адал еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылар.
Мен өз оқушыларыма үнемі: «Кім болсаң да, адал еңбек ет. Сонда ғана сен елге керексің» деп айтамын. Және сол сөзімнің терең мағынасы — еңбектің қадірін білуге, жұмысшының шын бағасын түсінуге үйрету.
Мен мұғалім ретінде жұмысшы мамандығын ұрпақ бойына сіңіруді — тәрбиенің ең басты бағыты деп білемін. Себебі еңбек бар жерде ғана – береке, даму, тұрақтылық бар.
Анжела АТАНТАЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Зинеден ауылы