АДАЛ ЕҢБЕККЕ АРНАЛҒАН АШЫҚ АЛАҢ

АДАЛ ЕҢБЕККЕ АРНАЛҒАН АШЫҚ АЛАҢ
(0 Votes)

Көзінде үміт, жүрегінде талап бар жастар мен маңдай терін адал еңбекке арнаған азаматтар Жанбай ауылдық мәдениет үйіне бір мақсатпен жиналды – еңбек арқылы өз орнын табу. Биылғы жылдың басынан бері аудандық Мансап орталығы осындай төртінші жәрмеңкені ұйымдастырып отыр. Әрине бұл жай ғана жәрмеңке емес, болашаққа бастар нақты қадамның алаңы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны сол еді, ел ішінде еңбек адамын дәріптеу рухы күшейіп, нақты істерге ұласып жатқаны осы шарадан анық көрінді.

Мұнда үміт пен мүмкіндік қатар тоғысты. «Ашық есік күні» мен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жұмыссыз жүрген жандар үшін кәсіби бағдар алаңы ғана емес, еңбекпен өрілетін тағдыр жолының бастауына айналды. Бірі жаңа мамандыққа бет бұрса, енді бірі нақты жұмыс орнын тапты. Ал жұмыс берушілер үшін бұл  өз ісінің шеберін табуға берілген сәт.

– Бұл ұйымдар өз салалары бойынша маңызды ақпарат ұсынып, азаматтарға кәсіби бағдар беру бағытында пайдалы кеңестер берді. Жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің арасында тікелей байланыс орнап, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс мәселелері талқыланды. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау алуға болатын мүмкіндіктер мен олардың іске асу жолдары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар жұмысқа орналасу және кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұсыныстар айтылды,-дейді аудандық Мансап орталығы филиалының директоры Бақытгүл Сапарғожиева.

Оннан аса жұмыс беруші қатысқан жәрмеңкеде  аудандық ішкі істер бөлімі және Мансап орталығының филиалы қатысып, салалық бағдарламалар таныстырылды. Әр жұмыс орны – бір адамның тағдыры. Сондықтан бұл шараның салмағы да, маңызы да зор.

Мемлекет басшысы айтқандай, «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек  қадірлі». Жанбайдағы бұл басқосу – осы сөздің өмір шындығына айналған дәлелі іспетті. Мұнда көрсетілген құрғақ мәлімет емес, ел болашағын еңбекпен қалыптастыратын адамдардың тағдыры шешілді. Жастар үшін бұл – кәсіп таңдаудың жаңа көкжиегі, үлкендер үшін – өмірлік тәжірибесін пайдалы іске жұмсаудың жолы. Еңбек – елдіктің тұғыры. Ал еңбек адамы – сол тұғырды биіктететін тұлға.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT