Жұмысшы мамандықтарына мән берілуде

Жұмысшы мамандықтарына мән берілуде
(0 Votes)

Соңғы жылдары елімізде қоғамның қозғаушы күші жұмысшы мамандықтарына, оның мәртебесін жоғарылатуға кеңірек мән берілуде. Президентіміз биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап отыр. Ауданымызда жұмысшы мамандықтарының ұстаханасы, оларды даярлайтын жалғыз оқу орыны – Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі. Кәсіптік білім беру саласы бойынша облыс бойынша алдыңғы қатарда тұрған оқу орнының директоры Болатбек Өтегеновті әңгімеге тарттық.

– Болатбек Тағанқожаұлы өзіңіз басқаратын оқу орнының бүгінгі тынысынан хабардар етсеңіз? Материалдық-техникалық базаларыңыз қандай деңгейде?

– Жалпы колледжімізде 9 мамандық бойынша оқытамыз. Атап айтсақ, «Ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Дәнекерлеу ісінің түрлері», «Есеп және аудит», «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер түрлері», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Электр жабдықтары түрлері және салалары» бағыттары бойынша – механикаландырылған фермалар мен мал өсіру кешенінің операторы, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу шебері, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі, құрылыс-әрлеу жұмыстарының шебері, электрогазбен дәнекерлеуші, бухгалтер, кассир, компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету операторы, кондитер-безендіруші, аспазшы, электромонтерлер дайындаймыз. Жаңа мамандықтар, біліктіліктер туралы айтсам, «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша «Техник-механик», «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер түрлері» бойынша «Желілік және жүйелік әкімшілендіру технигі» орта буын біліктілігі, «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығына – «Автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик» біліктілігін алу бойынша жұмыстар жүргізілді, оқу бағдарламасы реестрге еніп тұр. Биылғы оқу жылында колледжімізде 203 студент 14 оқу тобында 8 мамандық бойынша білім алуда. Колледж бойынша жалпы 131 дербес компьютер, 6 компьютерлік сынып бар. Оқу үрдісіне 114 компьютер (бір компьютерге 2 студенттен келеді) 15 мультимедиалық проектор, 15 интерактивті тақта пайдаланылады. Шалғай ауылдардан келіп оқитын студенттер барлық жағдай жасалған 100 орындық жатақханамен қамтылған. Студенттердің қызығушылықтарына қарай спорттық секциялар және шығармашылық үйірмелері жұмыс жасайды. Оқу орнымызда 37 инженер-педагог, 14 өндірістік оқыту шеберлері еңбек етеді. Қосымша ақылы негізде мамандық алғысы келген студенттерге 30% жеңілдік жасалады. Студенттерге 43574 теңге шәкіртақы («Өте жақсы» оқығаны үшін 15%, жетім балаларға 30%, көзі, құлағы ауыруы бойынша мүгедектігі бар балаларға 75 % ұлғайтылған шәкіртақы) төленеді. Барлық студенттерге 1 мезгіл ыстық тамақ, жетім балаларға 3 мезгіл беріледі. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттеріміз ұлғайтылған шәкіртақымен қатар, 3 мезгіл ыстық тамақпен киім кешек, төсек орын және жиһазбен қамтамасыз етіледі және бітіргеннен кейін жұмысқа орналасса 4АЕК мөлшерінде, жоғары оқу орнына түссе 2АЕК мөлшерінде жәрдемақы алады.

Материалдық-техникалық базаны жақсарту және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау, оқытушылардың құзыретін арттыру үшін республикамыз бойынша алдыңғы қатарлы агроколледж ретінде «Жас маман» жобасына 6 мамандық бойынша қатысып, 202194,0 мың теңге бөлініп, бүгінгі күні материалдық-техникалық базамыз шетелдік «John Deere 6135В», «6155M» тракторларымен, экскаватор-тиегішімен (Case570ST), трактор және дәнекерлеуші тренажерларымен, электрлік оқу стенд- тренажерларымен, «Kia Rio», «Hundai Accent» маркалы автокөліктермен, т.б заманауи жабдықтармен, ақпараттық техникалармен (моноблок, интерактивті панелдермен) толығып, оқу процесіне пайдаланылып келеді.

– Сіздерде оқып шыққан студенттердің жұмыспен қамтылуы қандай деңгейде? Сол алған мамандықтары бойынша орналасып жатыр ма?

– Мамандар даярлау сапасын көтеру мақсатында студенттердің өндіріспен байланыста болуы үшін 39 кәсіпорындармен келісімшарттар, оның ішінде дуалды оқу бойынша 27 кәсіпорынмен келісімшарттар жасалды. Дуалды оқыту 2016 жылдан бастап енгізіліп, биылғы оқу жылында 4 мамандық бойынша барлығы 77 студент қамтылып, 37,9%-ды құрап отыр. Жыл сайын дуалды оқумен қамтылған студенттер саны артып келеді. 2023-2024 жылдары бітіруші 116 түлектің жұмысқа орналасуы 76% болса, оның ішінде дуалды оқыту бойынша 77%. Нақтылап айтсақ, дуалды оқытуда студент 60%-ын өндірістік тәжірибеде өткізіп, 40% теориялық білім алады. Кәсіпорын, студент, колледж арасында үш жақты келісімшарт жасалып, «Атамекен» ҰК палатасының облыстық филиалының реестріне тіркеледі. Қазір дуалды оқыту 4 мамандық – тамақтандыруды ұйымдастыру, ғимараттар мен құрылыстарды салу, есептеу техникасы және ақпараттық желілер, ауыл шаруашылығын механикаландыру бойынша жүзеге асырылуда.

– «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай қандай іс-шаралар жоспарланған?

– 2025 жыл –арналған атқарылатын іс-шаралардың жоспары жасақталды. Бізге «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жұмысшы мамандығы бойынша шағын кәсіпорын ашу жүктеліп отыр. Атырау облысындағы колледждерден тек бізде ғана ауылшаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша оқитын студенттерге өндірістік тәжірибе базасы болып табылатын оқу шаруашылығымыз бар. Онда қой-ешкі, ірі-қара малдары бағылады, қора жайлары, малшыға арналған үй жаңадан салынды, күн энергиясымен жарық көздері тартылған, спутниктік интернет қосылған, мал жайылымы және шабындыққа арналған жер бөлінген. «Жас маман» жобасы аясында ауылшаруашылығын механикаландыру және сервистік қызмет көрсету бойынша «Механизатор» құзіреттілік орталығы ашылды. Шағын кәсіпорындар ашу бойынша оқу шаруашылығында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді және «Механизатор» құзіреттілік орталығында дәнекерлеу, жөндеу, сервистік қызметтер ұйымдастыратын боламыз. Сонымен қатар, 2025 жылдың наурыз-сәуір айларында колледж базасында ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша облыстық AGROSkills чемпионатын өткізу жоспарланды. Мақсаты – ауыл шаруашылығы мамандығының мәртебесін арттыру, жастарды оған тарту. Чемпионатқа Ресейдің оқу орындарымен жасалған ынтымақтастық меморандумына орай Астрахань және Красный Яр аграрлы-техникалық техникумынан студенттер қатысады. Қазан айында «Ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдаланып, таза өнімге қол жеткізу бүгінгі күннің талабы» тақырыбында халықаралық семинар-практикум өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. 2025-2026 оқу жылына мемлекеттік тапсырыспен 120 бала қабылдаймыз деп жоспарланды. 9 сынып негізінде – 80, ал, 11 сыныптан – 40. Кәсіптік бағдар жұмысы жоспары педагогикалық кеңесте қаралып, аудан мектептері бойынша кәсіптік бағдар жұмыстарын жүргізетін ИПҚ бөлініп, бекітілді. Жұмысшы мамандықтары мәртебесін арттыру, кәсіптік-техникалық білім беру саласына ерекше көңіл бөлу, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау басты мақсатымыз болып қала береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбатты жүргізген Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT