«Кәсібің-нәсібің» деген ұғым заманымыздың негізгі қағидасы. Нарық кезеңінде төрт жыл оқыған дипломын сандыққа салып қойып, бірнеше айда жаңа кәсіпті игеріп, ісін дөңгелетіп отырғандар көп. Яғни, кәсптік-техникалық білімнің болашағы жарқын.
Өркениетті елдерде кәсіптік білімге жататын білікті жұмысшы және орта буын техникалық мамандарын дайындау тегін. Ал бізде ақылысы да, тегіні де бар. Еуропа елдерінде Германиядан бастап біраз мемлекеттерде адамды әлеуметтік қорғаудың негізгі түрлерінің бірі – әрбір азаматқа білікті кәсіби білімді тегін беру. Өйткені, мамандығы бар адам жұмыссыз қалмайды. Ол нанын табады, отбасын асырайды. Мемлекетке де осындай азаматтар керек. Сондықтан, Еуропа елдерінің бәрі де кәсіптік-техникалық білім беруді мемлекеттің қаржысы арқылы жүргізеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, біздің елде әрбір үшінші студент ақылы бөлімде оқиды.
Жалпы кез келген елде мектеп бітіруші түлектердің бәрі кәсіби техникалық білімге емес, жоғары білімге барғысы келеді. Әрбір ата-ана өз баласының мұндай шешімін қолдайды. Сондықтан, әрбір елдің мемлекет басшылары кәсіптік техникалық мамандарды дайындауға үлкен көңіл бөліп, жастарды техникалық және халыққа қызмет көрсету саласына бағыттау кешенді жұмыстарын жүргізеді. Былтыр пандемия кезінде барлығы виртуалды деп, оқу жылын жастар экранның арғы-бергі жағында отырып аяқтап шықты. Әрине, компьютермен қашықтан жұмыс істеу бір басқа да, өндіріске, зауытқа барып кәсіби машықтану мүлдем бөлек. Бүгінгі қоғамда сантехник, электрик, дәнекерлеуші, механик, ағаш ұстасы, слесарь, токарь мамандары тапшы. Мұның себебі мектеп бітірген оқушылардың көбі кәсіптік оқу орындарына барғылары келмейді, менсініңкіремейді. Себебі, құрылыста жұмыс ауыр, ақшасы көп емес. Мамандық таңдау адам тағдырында көп нәрсені шешетіндіктен, оған атүсті қарауға болмайды. Болашақ мамандығыңыздың еңбек нарығында қаншалықты бағаланатынын білу де пайдалы. Қарапайым жол: бос орындарға жарияланған байқауларда, интернеттің еңбекке орналастыру сайтында қандай мамандарға сұраныс бар екендігін қараңыз. Арнайы агенттіктер жүргізген болжамдардың да маңызы зор. Осы мәліметтерді ескере отырып, таңдаған мамандығыңызға қай жоғары оқу орнында, қалай даярлайтынын анықтаңыз. Жүсіпбек Аймауытов былай деген екен: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ, әр өнер, әр қызмет мемлекетке, әлеуметке қажет». Бір оқу орнын бітіріп алып, табақтай дипломмен жұмыссыз отыру күйкі көрініс. Ал бүгінгі жастардың дені заңгер, экономист, қала берді, кеденші болуды армандайды. Құрылысшы, сантехник, токарь боламын деп ешқайсысы ұмтылмайды. Шынында да заңгерлер, экономистер басқаларға қарағанда ақшаны жақсы табар, бірақ барлығының осы салада жолы болып кетуі екіталай.
Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтардың білімді де білікті, алғыр, бәсекеге қабілетті мамандар қатарын толықтырғаны жақсы-ау, дегенмен, жастарымыздың тек беделдi қызмет атқаруды аңсап, мансап қуып кетуіне жол бермей, оларға орта кәсіптік оқу орындарын бітіргендердің де ел дамуына ерекше үлес қоса алатынын ескеріп, қарапайым жұмысшы мамандығына құрметпен қарауды үйреткеніміз абзал.