Рухани азық – кітапта

Рухани азық – кітапта
(0 Votes)

КІТАПХАНА – ДҮНИЕДЕ ЕШТЕҢЕГЕ ТЕҢЕСТІРІЛМЕЙТІН БІЛІМ БҰЛАҒЫНЫҢ КӨЗІ, ПАРАСАТТЫЛЫҚ ПЕН БІЛІМДІЛІКТІҢ НАҒЫЗ КИЕЛІ ОРДАСЫ. КІТАПХАНА – ОҚЫРМАН ҮШІН ҮЛКЕН ӨМІР МЕН ТӘРБИЕ МЕКТЕБІ. «АДАМҒА АУА ҚАНДАЙ ҚАЖЕТ БОЛСА, КІТАПХАНА ДА СОНДАЙ ҚАЖЕТ» ДЕП КӨРНЕКТІ ЖАЗУШЫ ОРАЛХАН БӨКЕЙ АЙТҚАНДАЙ, ҰЛТТЫҢ РУХАНИ АЗЫҒЫ БОЛЫП ТАБЫЛАТЫН АСЫЛ МҰРАЛАРЫМЫЗ ЖИНАҚТАЛҒАН КІТАПХАНАНЫҢ БҮГІНГІ ҚОҒАМДА АЛАР ОРНЫ ЕРЕКШЕ.

Еліміздің әр ауылында, тіпті мектептердің өзінде кітапхана саны да жетерлік. Сол рухани азықтың кеніне бағаланған қасиетті орынды ұқсатып ұстап, қалың оқырманын қуана қарсы алатын кітапханашыларсыз кітапхананы елестету мүмкін емес. Бүгінгі өскелең ұрпақты білім бұлағына тартуда ізгілікті істерімен ерекшеленген олардың еңбегі ерен. Кітапханашы да биылғы елімізде жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылында дәріптелетін кәсіп иелері қатарына кіреді.

Сондай адамды рухани байлыққа кенелдіріп келе жатқандардың бірі Ақкөл ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлбәну Гайсина екенін айтқым келеді. Ол бұл салаға 2001 жылы келіп, кітапхананың кітап қорының сақталуына, ұдайы толығып отыруына жұмыстанады. Оқырман тарту үшін түрлі тағылымдық шаралардың өтуіне мұрындық болып, ішкі көрнекіліктің үйлесімділігіне үнемі көңіл аударады. Картотекаларын уақытылы толтырып, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Ауылдағы еңбек ұжымдарымен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасайды. Абыройлы мамандықтың қиындығы мен қызығын арқалап жүрген мамандық иесінің адамдар бойына руханияттың дәнін себуде сіңірген еңбегі ұшан- теңіз. Білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда да үлесі зор.

– Жалпы кітапханада жұмыс істеу өте қызық. Маған тағы да мамандық таңдау мүмкіндігі берілсе, еш ойланбастан осы саланы таңдар едім. Адамзат үшiн өмiрде eкi түрлi азық керек. Бipi – тән азығы, екіншісi – жан азығы. Адам өзін-өзі үнемі дамытып, рухани азықтанбаса, онда тоқырауға ұшырап, күйзеліске түседі. Кітап – үздіксіз берілетін тәрбие көзі. Жас ұрпақты тәрбиелеймін десеңіз, кітаптың көмегіне жүгініңіз, - дейді білікті маман. Кітапханашының еңбегі мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет мамандық екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Кітап бетінде ұлы ұстаздардың кемеңгерлік ойлары, даналық сөздері, өсиеттері тайға таңба басқандай жазылып қалды. Ал, сол тарихтың асыл қазынасын жинап, сақтап ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін орын кітапхана болса, насихаттаушы – осы кітапханашы. Гүлбәну Мирасқызы ұлттық құндылықтың дәнекері кітапхана саласында ширек ғасырдай уақыт еңбек етіп, мол тәжірибе жинаған маман. Ол үнемі ізденіс үстінде жүріп, заман талабына сай жаңашылдық әкеліп отырады. Жаңа әдебиеттермен қамтылуға ұсыныстар түсіріп, өлкенің тарихи деректерін жинақтауға жұмыстанды. Кітапхана саласы бойынша жеткен жетістіктері де баршылық. Атап өтер болсақ, республикалық «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана» және «Үздік кітапханашы» байқауларына қатысып, Алғыс хаттармен марапатталды.

Сондай-ақ 2022 жылы «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен ұлығыланды. Рухани азық ордасының қиындығына төзіп, қуанышына қуана білген оның еңбегі көпке үлгі. Өскелең ұрпақ бойына өнегелі тәрбие беруде аянбай еңбек ететін осындай қызметкерлердің қатары көбейе берсін.

Ораз КАМАЛОВ,

Ақкөл ауылы

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT