Жолдаудан іске: Атыраудың әлеуметтік-экономикалық даму бағыты қалай?

(0 Votes)

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен маңызды мәжіліс өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.

 Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында көрсетілген басымдықтар, өңірлік жобалар мен әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары талқыланды.

«Интаго Қазақстан» ЖШС директоры Азамат Асылбеков өңдеу өнеркәсібіндегі жетістіктерді атап өтті. Оның айтуынша, зауыт төрт жаңа цех ашып, 100 жұмыс орнын құрған. Сонымен бірге өнімдері Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан және Түркіменстан нарығына экспортталуда.

Ал «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Нұртас Байжанов жерді тиімді бөлу, өнімді терең өңдеу, жылыжай шаруашылығын дамыту, заманауи техника енгізу және фермерлерге қаржылай қолдау көрсету қажеттігін айтты.

Жол инфрақұрылымын дамытуға қатысты Ержан Рысқалиев Атырау–Астрахань, Атырау–Доссор және Атырау–Орал тасжолдарын жаңарту, жолды кеңейту және жаңа транзиттік бағыттар салудың өзектілігін атап өтті.

Су шаруашылығы саласының ардагері Айгүл Арыстанова суды үнемдеу технологияларын енгізу, каналдарды жаңарту, ауызсумен қамтуды цифрландыру және Қиғаш-Маңғышлақ магистральды су құбырын жаңғырту қажеттігін жеткізді.

Цифрлық саланы дамыту жөнінде IT Hub менеджері Равиль Қаржауов жастарды цифрлық сауаттылыққа үйрету, жасанды интеллект пен Цифрлық кодекс енгізу, жаңа министрлік пен халықаралық IT орталықтарын ашу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Жиын соңында облыс әкімі бұл бастамаларды қолдап, білім саласындағы жаңашылдықтар мен жаңа бейнебақылау жүйелерін, сондай-ақ инвестициялық жобалардың жай-күйі мен басқа да салалардағы оң өзгерістерді атап өтті.

Мәжіліс қорытындысында өңірдің индустриялық, ауылшаруашылық, жол, су және IT инфрақұрылымын дамыту бағытында нақты шаралар қабылданып, жобаларды уақтылы іске асыру арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін берілетіні айтылды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT