Мен су шаруашылығы саласында ұзақ жылдар еңбек еткен маман ретінде, Мемлекет басшысының Жолдауында су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу және басқару мәселесіне ерекше тоқталғанын дер кезінде көтерілген әрі айрықша маңызды бастама деп есептеймін.
Атырау облысы су тапшылығын қатты сезініп отырған өңірлердің бірі. Қатаң континенталды климат, жаздың аптап ыстығы мен қыстың суықтығы, жауын-шашынның аздығы, ірі өзендердің болмауы – өңірдің су қауіпсіздігін қиындатып отыр. Облыс тек Жайық пен Қиғаш өзендеріне тәуелді. Ал соңғы жылдары Жайықтың деңгейі төмендеп, экожүйе мен балық қоры азайып, халықтың тұрмыс сапасына да әсер етуде. Осындай жағдайда Президенттің Жолдауда көтерген бастамалары біздің аймақ үшін ерекше өзекті.
Су ресурстарын басқаруда бірқатар бағыттарға назар аудару қажет:
Біріншіден, ауыл шаруашылығында суды үнемдеу технологияларын енгізу аса маңызды. Қазіргі таңда суармалы егіншілікте судың басым бөлігі дәстүрлі әдіспен шығындалып жатыр. Тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін кеңінен қолдану арқылы суды 30-40%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік бар. Бұл үшін шаруаларға қолжетімді несие, субсидия және мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылуы тиіс.
Екіншіден, каналдардың жағдайын жақсарту қажет. Бүгінде көптеген магистральды және шаруашылықішілік каналдар лайланып, судың 30%-ға дейінгі бөлігі жолда ысырап болып отыр. Оларды механикалық тазарту, бетондау, қашықтан бақылау және автоматтандыру жүйелерін енгізу арқылы су үнемдеуді қамтамасыз етуге болады.
Үшіншіден, ауыз су жүйесін толықтай цифрландыру керек. “Ақылды есептегіштерді” енгізу, онлайн төлем жүйесін жеңілдету, су шығынын нақты есепке алу – суды тиімді пайдалануға, шығынды азайтуға және апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Төртіншіден, стратегиялық нысан саналатын Қиғаш–Маңғышлақ магистральды су құбырына ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Өткен ғасырдың 80-жылдары салынған бұл құбыр бүгінде едәуір тозып, сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан оны кезең-кезеңімен жаңғырту, жаңа сорғы стансаларын орнату, заманауи басқару технологияларын енгізу – аймақ қана емес, ұлттық деңгейдегі су қауіпсіздігі үшін шешуші қадам.
Бесіншіден, су саясатын ғылымға негіздеу – уақыт талабы. Осы орайда Каспий теңізін зерттеу институтын құру бастамасы дер кезінде көтерілді деп есептеймін. Бұл институт Каспийдің гидрологиясын, экожүйесін, биоәртүрлілігін кешенді зерттеп, теңіздің тартылу себептерін анықтайды, мұнай-газ өндірісінің әсерін бағалайды. Ең бастысы, бұл ғылыми орталық Каспий маңы мемлекеттерімен бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Су – стратегиялық ресурс, тіршіліктің негізі. Егер бүгіннен бастап нақты шаралар қабылдамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы ұсынған бастамаларды толық қолдай отырып, олардың іске асуына әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Су үнемдеу технологияларын енгізу, каналдарды жаңғырту, ауыз су жүйесін цифрландыру, Қиғаш–Маңғышлақ құбырын қайта жаңарту және ғылыми зерттеулерді дамыту – тек өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен болашағы үшін шешуші мәнге ие.
Айгүл АРЫСТАНОВА,
су шаруашылығы саласының ардагері