Тіршіліктің сапасы – жолдардың сапасынан басталады. 2019 жылдан бастап «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК еліміздің автокөлік инфрақұрылымының сенімділігі мен қауіпсіздігіне жауапты. Алты жыл ішінде орталық жол саласындағы сапаны бақылау, диагностика және цифрландыру бағытында көшбасшы ретінде танылды.
Еліміздің барлық өңірінде орналасқан 20 филиал ISO 17025 және ILAC талаптарына сай аккредиттелген зертханалармен жабдықталған. Бұл құрылым жол-құрылыс жұмыстары мен материалдарының сапасына сараптама жүргізуге, диагностика мен аспаптық тексерулерді жүзеге асыруға, сондай-ақ орташа жөндеу жобаларына ведомстволық сараптама жасауға мүмкіндік береді. 2019 жылдан бері ЖАСҰО 75 мыңнан астам инспекциялық шығулар ұйымдастырып, 189 мың жол-құрылыс материалының сынамасын алып, 20 мыңнан астам нысанды тексерді, 5 500 жобаны сараптамадан өткізіп, Қазақстан бойынша 414 асфальтбетон зауытын және 30 мыңнан аса жол белгілерін тексерді. Жыл сайын шамамен 17 000 шақырым жолға диагностика жасалады.
Орталық инновацияларды белсенді енгізуде: жолдарды диагностикалау жасанды интеллектке негізделген SRDS бағдарламалық қамтамасыз етуі арқылы жүргізіледі. KazRoadLab цифрлық платформасы зертханалық сынақ нәтижелері мен бақылау өлшемдерін нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді. Материал сынамаларын штрихкодтау әдісі адами факторды болдырмай, олардың сапасын объективті бағалауға жағдай жасайды. Ал ведомстволық сараптама порталы жобалардағы техникалық қауіптер мен кемшіліктерді жедел анықтауға көмектеседі.
ЖАСҰО кадр даярлау бойынша да стратегиялық міндеттерді шешіп келеді. KazRoad VR оқу тренажері жол саласының болашақ мамандарын оқытуға бағытталған. Орталық жол-құрылыс бағытындағы жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатып, ашық есік күндерін, кәсіби бағдар беру кездесулерін (8 000-нан астам) өткізуде. 243 студент өндірістік тәжірибеден өтті, олардың 26-сы орталыққа жұмысқа орналасты. Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтымен бірлесіп жүргізілген ауқымды зерттеу нәтижесі бойынша, студенттердің 36%-ы осы салаға ҰЖАСО-ның кәсіби бағдарлық жұмысы арқасында келген.
Бүгінде ЖАСҰО жол саласының цифрлық трансформациясын жалғастыра отырып, жоғары стандарттарды, инновациялар мен ашықтықты ілгерілетуде.