Қазақстанда жұмысшы санатына әртүрлі мамандықтар кіреді. Осы қатардың сап басына автокөліктер мен машиналарды жөндейтін механик маман, электрик, дәнекерлеуші-слесарь, ағаштан түйін түйер шебер, кондитер, медбике, тігіншілер, т.б. жатады.
Атаулы мамандықтар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы сияқты түрлі салаларда өте маңызды рөл атқарады. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді Президент.
Яғни, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Уақыт уыста тұрмайды. Сондықтан, әрнеге мезгіл-мезгіл көзқарас жаңартып, сауат арттырмаса, сана сәулесі көмескілене беретіні тағы бар. «Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтарына неге ерекше мән берді екен?» деген кезекті сұраққа айтарымыз, кісі еңбегінің лайықты бағалануы – кез келген елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына әсер ететін маңызды аспект. Жылымықтың жыл құсындай кеп жеткен арналы ақпар еңбеккер елін бір серпілтіп тастағаны рас. Басты басымдық Сөз реті келгенде айтарымыз, осы жолда алдымен жоғары еңбекақы мен түрлі бонустар қарапайым мамандықтардың тартымдылығын арттырады. Мәселен, Швеция мен Германияда инженерлер мен техникалық мамандардың еңбегі жоғары жалақымен өлшенеді. Содан соң, жұмысшылардың құқықтарын қорғау – маңызды фактор. Мысалы, Канада мен Норвегияда, қызметкерлерге әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Оның ішінде, ақылы демалыс, медициналық қызметтерге қолжетімділік және зейнетақы жүйесі ерекше орында. Яғни, еңбек жағдайлары заңнамалық деңгейде реттеледі. Экономикалық тұрақтылық жұмыс орындарының сақталуына және жұмысшылардың өмір сүру деңгейінің жақсаруына тікелей әсер етеді. Мысалы, Жаңа Зеландияда экономиканың тұрақты дамуы мен төмен жұмыссыздық деңгейі жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын және беделін едәуір жоғарылатады.