«Темір жол экономиканың күре тамыры» деп текке айтылмаған. Оның бойымен күніне мыңдаған жолаушы мен тонналаған жүктер тасымалданады. Қазір жүк пойыздарының вагондары ескергенін көріп жүрміз. Жолаушылар тасымалдайтын вагондардың да ішінде күні өткен, талапқа сай еместері жоқ емес.
Өткен жылы облыс орталығында 6 мың вагон шығаруға арналған зауаттың ашылғаны, бүгінде оның 180 адамды жұмыспен қамтып отырғаны қуанышты жаңалық. Вагондар өзімізден шықса, олар жаңара бастайды деп күтеміз. Енді облыстағы жүк вагондарын шығаратын зауыт өндіріс ауқымын кеңейтпек. Мұнда 3 мың тонна сұйытылған газ сақтайтын қойма салынып жатқанын, жоба жүзеге асқанда тағы да тұрақты 60 жұмыс орны ашылатынын, «Тексол Транс» ЖШС вагон зауытын одан әрі кеңейтіп, өндіріске қажетті қосалқы бөлшектерді, вагонның басқа да түрлерін жасап шығарғалы отырғанын ақпарат көздерінен естіп жатырмыз. Осындай ел дамуына қарқын беретін, жаңа жұмыс орындарымен қамтитын, экономикамыздың қажеттіліктерін өтейтін орындар көбейе берсін. Жаңа Қазақстан сыртқа тәуелді болмай, қай жағынан да өзін қамтитын елге айналса көңіліміз марқая түседі.
Теңел Исмагулов,
Ганюшкино теміржол стансасының басшысы