ЖИТС неден жұғады ?

(0 Votes)

Бүгінде әлемде АИТВ инфекциясын жұқтырған 37 миилион адам өмір сүріп жатыр. Бұлардың ішінде 32 мың қазақстандық бар. Бұл дертті жұқтырғандар Атырауда да жоқ емес. ЖИТС орталығында 237 атыраулық тіркеуде тұр.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қазақтың аталы сөзі айтылған жерде қалып жатыр. Өйткені, абайсызда ауру жұқтырып, өзін де, өзгенің тағдырын да тәлкек еткен талай пенде бізбен бірге өмір сүруде. Бұрындары АИТВ-ЖИТС дертімен нашақорлар, есірткі қолданатындар ауырса, бүгінде заманауи мекемелерде қызмет атқарып жүрген азаматтар арасынан да анықталып отыр. Оларды жүзіне қарап қандай сырқат екенін ешкім де айыра алмайды.

АИТВ алғаш рет 1960 жылдан тарала бастаған. Жұқпалы дерт Қазақстан аумағына сексенші жылдары келген. Ал, ауруға шалдыққан алғашқы атыраулық 1993 жылы анықталыпты.
Егер отбасы мүшелерінің бірінен АИТВ-инфекциясы анықталса, ол өмір тоқтады деген емес. Қарапайым гигиеналық ережелерді ұстансаңыз, отбасыңызда ешкімнің де АИТВ дертін жұқтыруына қауіп жоқ. Дегенмен жұғу жолдарын білу маңызды. АИТВ инфекциясы қан арқылы, жыныстық қатынас арқылы жұғады. Сонымен қатар, анадан балаға беріледі. Әр адам қарапайым қағидаларды есте сақтағандары жөн. Отбасы мүшелерінің әрқайсысында өз сүлгілері, тіс щеткалары және басқа да жеке гигиеналық құралдар болуы керек. Егер отбасында балалар болса, оларға өзгенің гигиеналық құралдарын қолдануға болмайтындығын міндетті түрде түсіндірген жөн.

АИТВ жұқтырған адам пайдаланған жуынатын бөлмені және дәретхананы пайдалануға тыйым салынбайды. Үй-жайларға арнайы дезинфекциялау құралдарын сатып алудың да қажеті жоқ. Сантехникадағы кір, қанды және қалдықтарды тұрмыстық жуу құралдарының көмегімен тазалау жеткілікті. Тазалау кезінде қолыңызды қорғау үшін тұрмыстық қолғап киген дұрыс. Есте сақтаңыз, АИТВ тамақ арқылы берілмейді. АИТВ-инфекциясы бар адам ас үйде тамақ пісіре алады немесе сізге көмектесуіне болады. Адамның иммун тапшылығы вирусы тамақпен берілмейді. Бірақ тамақ дайындамас бұрын және одан кейін қол жуу сізді ішек инфекцияларынан құтқарады.

Вирус жұқтырған адам қолданатын ыдыстарды бөлек дезинфекциялаудың қажеті жоқ. Ыстық сумен және барлық ыдыс-аяққа арналған әдеттегі жуғыш затпен жуудан басқа сізге ешқандай сақтық шаралары қажет емес.

АИТВ киім арқылы таралмайды. Бірақ, қан, құсық, нәжіспен ластанған жағдайда ыстық су мен кәдімгі ұнтақты пайдаланып, бөлек жуған дұрыс.
АИТВ күнделікті байланыс арқылы берілмейді. Яғни, науқас адаммен бірге қонаққа, кинотеатрлар мен музейлерге бару қауіпті емес. Ескеретіні, АИТВ сау тері арқылы өте алмайды. Бірақ кез-келген адамның терісінде аздаған зақым болуы мүмкін. Сондықтан АИТВ жұқтырған адамның жара, басқа да тері ауруларын емдеу кезінде бір реттік қолғап қолданған жөн.

Р.Т.Мұқанова,

Атырау облыстық ЖИТС орталығының
алдын алу бөлімінің меңгерушісі

Сурет: ашық дереккөз

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT