«Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар»

(0 Votes)

Шежіре ұғымы - халықтың шығу тегін, ұрпақтың таралуын баяндайтын рухани жүйе. Әрине, ру, тайпалардың тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, қалыптасқан ресми шежіре барлық халықта кездесетіні сөзсіз. Ертеден шежірені шежіреші қарттар ауызша таратып отырған. Сондықтан оны кейбір ғалымдар далалық ауызша тарихнама деп те есептейді. Жалпы шежірені жинақтаған көнекөз қариялардың көмегімен қазақтың ру-тайпаларының өткені туралы біршама мәліметтер алуға болатындығы 18 ғасырда белгілі болды. 18-19 ғасырларда мұндай шежірелердің біразын зерттеушілер жазып алып, ғылыми айналымға енгізді.

Ұлыстың ұлы күні мерекесін бірнеше күн тойлау дәстүріне орай елімізде 16 наурыз – Шежіре күні болып белгіленді. Бұл күні отбасының, ел-жұрттың, жеті атаның тарихы айтылып, шежіресі таратылады. Әр отбасының үлкендері өмірден өткен ата-бабаларының, ағайын-бауырдың жақсы істерін, қуанышты сәттерін кейінгі ұрпаққа әңгімелеп береді. Елдің, өлкенің тарихы, ерлігі баяндалады. 

Бұл күннің мән-мағынасын ашу үшін ауданның «Құрметті азаматы», өлкетанушы Орақ Деңгелбаевты сөзге тартқан болатынбыз. Бұл күннің бәсі қымбат екенін жеткізген ақсақал тек бір күн емес, қай уақытта да әр адам өзінің шығу тегін біліп жүргені дұрыс екенін баса айтты. «Қазақ халқының ерте ғасырлардан бері түбірін жайған шежіресінен оның туыстық байланыстарын ұғындыруға арналған әдебиеттердің, оның ішінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ, һәм хандар шежіресі», «Қазақтың ата тарату шежіресі», Тілеке Жеңістің «Шежіре» және т.б. шығармалардың құндылығы жоғары. Шежіре жайлы кітаптар рухани құндылықтарымызды қайта жаңғырту тұсында, еліміздің тарихын терең білуге, жас ұрпақтың санасы мен рухани мәдениетінің жоғарлауына ықпалын тигізеді. Жалпы өзім 2010 жылдан бастап аудан тарихын, оның ішінде мұнайшылар мен соғыс ардагерлерін зерттеп келемін. 10 жылдан астам уақыт еңбектенсем де, бұл тақырыптар әлі зерттеліп біткен жоқ. Әлі ашылмаған қырлары мен сырлары көп. Халыққа жариялау үшін аудан тарихының шежіресін таныстыру үшін жастардың бетбұрыс жасағаны дұрыс-ақ. Сондықтан ауданның тарих пәнінің мұғалімдері бұл салаға көңіл бөлсе, «нұр үстіне нұр» болар еді. Өйткені еліміз бір тарих болса, ауданымыз оның бір парағы болып есептеледі. Жастар ізденіп, аудан тарихын танытуға өз үлестерін қосса, риза болар едім.

Ал, өз әулетімнің шежіресіне келетін болсам, «Бәйтерек» атты Ысық руына арналған шежіре кітабына Ысық ата руының шежіресі туралы мәліметтер жинақтап берген болатынмын. Бұл бір жағынан өз руымның шежіресін өскелең ұрпаққа танытуға қосқан үлесім деп білем. Әрқашан бала, немерелеріме жеті атасын таныстырып, шежіреден сыр шертіп отырамын. Сондықтан елімізде наурыз тойын тойлауда енгізіліп жатқан жаңашылдық - құптарлық іс деп білемін. Бұл күннің арқалаған жүгін орындасақ, игі»,- деп пікір білдірді Орақ ата.

Жалпы қазақ халқы балаға 7-9 жасында әкесінен бастап ағайын-туысын, нағашы жұртын, алыс-жақынды таныстыруға, ата тегін, руын, ел-жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген. Әкесі, атасы балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймай, олардың қандай адам болғанын, ел-жұрты үшін жасаған ерлігі, өнегелі істері жайында әңгіме еткен. Сол арқылы бала ата дәстүрін жалғастырса екен деген мақсат көздеген. «Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жен айтар» деген аталы сөзді арқау етіп, баласына ата тарихын жастайынан жаттатқан. Ел-жұрт тарихын білу ер-азаматты ерлікке, елдікке, Отан сүюшілікке баулитынын білген. Міне, бұл күннің ерекшелігі осында!

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT